Бірінші байлық - денсаулық

Халықаралық денсаулық күні (World Health Day) жыл сайын сәуір айының жетінші жұлдызында атап өтіледі. 1948 жылы дәл осы күні Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы құрылған болатын. Осы бір тарихи сәттен бері аталған ұйымның құрамына 194 мемлекет мүше болып үлгерсе, денсаулық күнін 1950 жылдан бері әлемнің көптеген елдері атап өтіп келеді. 

Атаулы күннің мақсаты - адамзаттың назарын денсаулыққа аударту, оның қадіріне жетуді үндеу болып табылады. Мереке қарсаңында  денсаулық сақтау ұйымдарында  адамдардың денсаулығын жақсарту жолдары қарастырылатын түрлі семинарлар, іс-шаралар өткізіледі.

Тағы бір ерекшелігі, Халықаралық денсаулық күні белгілі бір тақырыптарға арналып өткізіледі және жыл сайын арнайы ұрандар бекітіледі. 2009 жылғы басты тақырып медициналық құралдардың қауіпсіздігіне және медицина қызметкерлерінің дайындығына арналса, 2010 жылы "1000 қала - 1000 өмір" тақырыбы төңірегінде іс-шаралар ұйымдастырылды. 2011 жылы талқыға алынған мәселе - микробтармен күресу, медициналық құралдарды микробатардан таза ұстау болып, 2012 жылы "Кәрілік және денсаулық" тақырыбы айналасында ой қозғалды. "Мықты денсаулық жасыңызды ұзартады" ұраны бойынша қарт адамдардың денсаулықтарын жақсарту саласында бірқатар жұымстар атқарылды.

Биылғы, яғни 2013 жылдың негізгі тақырыбы - гипертония(қан қысымының артуы) болып отыр. Гипертония инфаркт, инсульт қауіптілігін арттырып, соқырлықққа, жүрек қан-тамырлары ауруларына апарып соқтырады. Қазіргі таңда ересектердің 40 пайыздан астамы гипертонияға шалдығып отыр. Оны емдеуге және тосқауыл қоюға болады. Ендеше, сіз болып, біз болып биылғы жылды гипертониямен күресуге арнайық!

Халықаралық денсаулық күні - бұл біздің планетамыздың әрбір тұрғынын денсаулық проблемаларына назар аударту үшін өткізілетін жаһандық науқан. Біз де өз тарапымыздан тым болмаса жылдың бір күнінде күнделікті күйбең тірліктің шекарасынан шығып, өз денсаулығыңызға көңіл бөліп қойыңыз дегіміз келеді. Өйткені, денсаулығыңыз бірінші байлығыңыз емес пе?


Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева