Маршалл аралдарындағы атоллдардың бірінен Тынық мұхит айдынында 14 ай бойы ағыс жетегінде адасып жүзген ер адам табылды. Бір адамдық қайыққа мінген оны толқын маржан рифтеріне әкеп тастаған екен. Ал оны сол жерде жергілікті адамдар кездейсоқ тауып алған.
Жолы болғыш жігіттің есімі Хосе Иван. Негізгі кәсібі акулаларды аулаумен айналысатын ол 2012 жылдың қыркүйек айында қасындағы серігімен бірге Мексикадан Сальвадорға жүзіп шыққан. Алайда 2012 жылдың 21 қыркүйегінде қайығының қозғалтқышы істен шығып, нәтижесінде екі жігіт мұхит айдынында қалып қояды.
Басқа кемелерді көмекке шақырған олардың әрекеті үнемі сәтсіздікке ұшырап, олар мінген шағын қайық ағыспен өз бетінше жүзе береді. Арада бірнеше уақыт өткенде Хосенің көз алдында жасы бар болғаны 18-дегі досы көз жұмған.
Өзінің айтуы бойынша, ол аптадан аптаға, айдан айға шикі балық пен шағаланың етін жеп күнін әзер көрген. Ал жаңбыр жаумаған күндері амалының жоқтығынан тасбақаның қанын сусын ретінде ішуге мәжбүр болыпты. Хосе Иван мұхиттағы адасып кеткен сапары кезінде 12,5 мың шақырым жерді жүзіп өткен екен.
Маршалл аралдары тұрғындарының бірі "дәл мұндай жағдайға тап болған адамдардың басым көпшілігі қиындыққа төзе алмай жан тапсырады" дегенді айтады. Себебі олардың көбі шикі тамақты жеуге жүректері дауаламай, ал оны жасауға тырысып көргендердің жүректері айнып, соңында аштан не шөлден мерт болатын көрінеді. Оның сөзінше, Хосенің досы да осындай себептердің құрбаны болуы мүмкін.
Хосе жағаға жеткеннен кейін айналасындағы адамдарға бірден: «Менің тірі қалған себебім – мен жалбарынумен болдым. Үнемі тек жалбарынумен болдым. Аман есен жерге жеткенім тек Құдайдың арқасы»,-деп ағынан жарылған.
«Теңізде адасып жүрген кезіңізде не ойладыңыз?» деген сұраққа ол: «Мен ешнәрсе ойлаған жоқпын. Көз алдымда үнемі шеті көрінбес мұхит айдыны жатты»,-деп жауап берді. Хосе осы уақыт аралығында өзінің жақындарының мекен-жайы мен телефон нөмірлерін де ұмытып үлгерген.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: mallonline