- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Бөбектің қолынан дәм...
Бөбектің қолынан дәм татыңыз
Кез келген бөбектің қылығы да, сөзі де, өзі де сүйкімді келеді. Әсіресе, олар дайындаған тағамдар – өте дәмді әрі ерекше. Сонда қалай, балақандардың тағам жасағанын естімегенсіз бе? Ал Амстердам тұрғындары мұндай оқиғаны күн сайын көріп келеді.
Амстердам қаласындағы Kinderkookkafe мейрамханасында 12 жасқа дейінгі сәбилер қызмет етеді. Тіпті, басқарушысы да кәмелет жасқа толмаған бозбала. Мұндағы балақайлар келушілерге қызмет етіп қана қоймай, есеп шығарып, өздерінен бірнеше жас үлкен аспаздардың үстінен қадағалайды.
Мейрамхананың мәзірінде дәмі тіл үйірер балмұздақтар, тәтті бәліштер мен тоқаштар және шәйдің бірнеше түрі мен сирек кездесетін кофе өнімдері бар. Балалардың өз қолдарымен әзірлеген қыша сорпасы мен майшабақтары – көпшіліктің арнайы іздеп келіп жейтін тағамдарына айналып үлгерген. Қызмет көрсету өте жоғары деңгейде. Қыңыр әрі кірпияз адам болсаңыз да, сізді қуана қарсы алады.
Мейрамхана ерекшелігі – мұндағы тағамдардың бағасы өте арзан. Бөбектердің қолдарынан дәм татқыңыз келсе, алдын ала орынға тапсырыс беріп қойсаңыз болғаны. Өйткені, мұнда бас сұғатын адамдар қатары өте көп.
Мейрамхананы арнайы ұйымдастырылған аспаздық мектебі десе де болады. Өйткені сабақтан бос уақытында келетін бөбектер кәсіби аспаз, даяшы, кассир, бармен мамандықтарын алып шығады.
Kinderkookkafe орталығының басты мақсаты – балаларды жауапкершілікке, топпен жұмыс жасауға, еңбексүйгіштікке, мәдениетке үйрету. Көбіне, ата-аналар бетімен кеткен, тіл алмайтын балаларын осында алып келеді екен. Нәтиже жоқ емес. Мейрамханадағы тәлім мен тәрбиеден кейін жас аспаздар тіл алғыш, жауапты, тәуелсіз болып шыға келеді.
Суреттер:xn--80aidos4e2a.xn--p1ai,newinfa.ru,lols.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева