Биылғы шілде айы рекорд орнатты

2019 жылдың басында NASA агенттігі мен Бүкіләлемдік метеорологиялық станциясы соңғы төрт жыл адамзат тарихындағы ең ыстығы болды деп баға берді. Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметінше, жердің орташа температурасы жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Ал 2019 жылдың шілде айының алғашқы күндері ЕҒА бақылау жүргізген уақыттан бері ең жоғарғы орташа температураны көрсеткен. Осының салдарынан Еуропадағы мемлекеттер атом электр станцияларының жұмысын уақытша тоқтатты. 2014 жылы "Коперник" жобасы аясында орбитаға ұшырылған Еуропа ғарыш агенттігінің серіктері атмосфераның құрамын зерттеп, Жердің температурасын бақылап отырған. 

Рекорд

Еуропа ғарыш агенттігі нақты температуралық деректерді жарияламай отыр. Бірақ биылғы ыстық ауа-райы 2016 жылы шілде айында тіркелген рекорды жаңартқаны белгілі болды. Арада екі жыл өткенде температура шамамен 0,56℃ градусқа көтерілген. Бұл адам баласы атмосфераға парниктік газдар шығармай тұрғандағы көрсеткіштен 1,2 градусқа жоғары.

Жазғы ыстықтың салдары

Осындай болмашы өзгерістің салдары жойқын болғаны анық. Мысалы, биыл Гренландия мұздығы жылдағыдан ерте, мамыр айында ери бастаған. Осы себепті болжанған 60-70 миллион тонна мұздың орнына 197 миллион тоннасы еріген. Солтүстік Африкадан Еуропаға келген ыстық қазір Гренландияға қарай бет алды. Бұл  мұздың еруін одан сайын арттырады деп күтілуде. Гренландияның алып мұз қабаты теңіз деңгейінен 3000 мың метрге дейін биікте. Синоптиктер осы аптада оның шыңы нөлдік градусқа жуық жылы болады деп болжап отыр.  

Ғалымдар мұздықтың суы Солтүстік Атлантикаға жетіп, сол жерде тіршілік ететін балықтарға зиян келтіреді деп қауіптеніп отыр. Оған қоса Гренландия мұздығының еруі жойқын дауылдардың тұруына себеп болады. Ал әлем мұхитының деңгейі шамамен 1 миллиметрге көтеріледі екен. 

Сібірдегі өрт

Биылғы ыстықтың зардабын Сібір өңірі көрді. Greenpeace дерегі бойынша, қазірдің өзінде Ресейде 12 миллион гектар орман өртеніп кеткен. Ал оның түтіні мен ыстық желі Гренландияның мұздығына дейін жеткен. Сондай-ақ жақын маңда тұратын халықтың денсаулығына да әсер етпей қоймайтыны анық. 

Еуропа елдеріндегі шектен тыс ыстық шөл даладан бастау алған желдің салдарынан болып отыр. Гренландия мен солтүстік-орталық Еуропада түзілген жоғары қысым солтүстіктен келетін салқын желдің жолына кедергі болды.