Аустриялық азамат Игорь Скотланд ұйқы мен биіктікті жақсы көретіні соншалықты, Вена көшелерінің бірінде 30 метрлік биіктікке гамак іліп, сонда ұйықтап қалған.
Бірнеше сағат бойы ұйықтап алған оны бақылап тұрған көмекшісі Себастьян Вальхюттер тауға шығу маманы болса да досының жасап жатқан сәтінде қатты қорқып, қобалжығанын айтады. Бұл оқиға екі ай бұрын болған екен. Өз елінде осы тектес «ессіздіктермен» аты шығып жүрген экстремал жұрттың көзінше 12 сағаттың ішінде биікке арқан тартып, жатын орнын сайлап алады да, екі ғимараттың арасын жалғап тұрған жіпке гамак қойып, өзі сонда қисая кетеді.
Скотланд «Вена слэклайнерлері» даршылар (даршы – арқан бойымен жүретін адам) ұйымының белсенді мүшесі. Бұл ұйымның мүшелері өздерін «ессіз адамдармыз» деп те таныстырады. Олар өз қалаларын аралап жүріп, қауіп-қатерге басын тігіп, қала тұрғандарын қайран қалдырады екен.
Естеріңізге сала кетсек, Брайан Мосбо Рио-де-Жанейроның таулы аймақтарының бірінде арқан бойына шалқалай құлап, ұйықтаған. Moab Monkeys тобының даршылары 1000 метр биіктікте ұйықтап, атақты болып шыға келген.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: furfur.me, bigmir.net