- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Биг Бен сағатының...
Биг Бен сағатының атауы "Елизавета мұнарасы" болып өзгертілді
Ұлыбританияның Лондон қаласында парламент үйінің алдында орналасқан әлемге әйгілі Биг Бен сағат мұнарасының атауы II Елизаветаның алпыс жылдық ел басқару мерейтойына байланысты «Елизавета мұнарасы» болып өзгертілді, деп хабарлайды Press Association агенттігі.
Ресми іс-шара парламент мүшелерінің қатысуымен сәрсенбі күні өткен. Маусым айының соңында Палата комиссиялары атақты мұанараны ел билеу ісінде алпыс жыл қызмет еткен «гауһарлы» мерейтой иесі II Елизаветаның атымен атауды ұсынған болатын. 16 маусымда ел астанасы Лондон қаласында ел басқарушысы II Елизаветаның туған күніне байланысты дәстүрлі жыл сайынғы шеру өтті. Ол Ұлыбритания тарихында ел басқару ісінде алпыс жылдық тәжірбие жинаған екінші монарх болды.
Биг Бен сағат мұнарасы – әлемге аты мәшһүр алып мұнаралардың бірі. Атақты мұнараның ұзындығы – 55 метр. Сондықтан да әлем бойынша ең алып сағат болып есептеледі. Сағаттың төрт циферблатында латын тілінде мынадай жазулар жазылған: "Domine salvam fac Reginam nostram Victoriam Primam" ("Е, Құдай, біздің ханымымыз Бірінші Викторияны қорғай гөр!) Бір нұсқаларға сүйенетін болсақ, Биг Бен атауы өрттен соң парламент үйін қайта тұрғызуға басшылық еткен Бенджамин Холдың құрметіне аталған деп те айтылады. 2008 жылы алып мұнара Ұлыбританияда халықты өзіне көп тартатын ең атақты орын болып танылды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: mandalay.ru
А. Әбілхан