Бермуд үшбұрышы - Атлант мұхитындағы, дәлірек айтсақ, Саргасс теңізіндегі аймақ. Ол Бермуд, Майами және Пуэрто-Рико аралдарының арасында орналасқан. Онда ұшақтар мен кемелер үнемі із-түзсіз жоғалып кетеді-мыс. Бермуд үшбұрышы туралы алғашқы аңыз-әңгімелер оқу-жаттығу рейсіндегі 5 америкалық бомбардир 1945 жылы 5 желтоқсанда жоғалып кеткеннен кейін тарала бастады.
Альтернативті ғылымды жақтаушылар бұл тылсым құбылысқа түрлі түсіндірмелер табады: мұхиттың басқа жерінде кездеспейтін ерекше апатты ауа-райынан бастап, бөгдеғаламшарлық пен басқа әлемдерге тасымалдайтын суасты порталдарына дейін болжамдар айтады. Бермуд үшбұрышы нағыз жұмбақ аймаққа айналды. Бүгін үшбұрыш жайлы ақылға қонымсыз бірнеше аңыздарды назарға ұсынамыз.
Аңыз 1. Бермуд үшбұрышында басқа жермен салыстырғанда кемелер жиі жоғалады.
Медиадағы танымалдылығы арқасында Бермуд үшбұрышы ең қорқынышты әрі "қарғысты" жер саналатыны жасырын емес. Бірақ, статистикаға сенсек, Саргасс теңізі біз ойлағандай қауіпті емес.
Дүниежүзілік табиғат қорының 2013 жылғы ұсынған есебіне сенсек, кемелер Оңтүстік-Қытай, Жерорта және Солтүстік теңіздерінде жиі апатқа ұшырайды. Шығыс Жерорта, Панама каналы, Қара теңіз бен Британ аралдары маңында кемелер жиі жоғалады.
Себебі анық: сол аймақтарда нағыз кемелердің қозғалатын аймағы. Саргасс теңізі болса рейтинг тізіміне енбеген.
Зерттеуші Ларри Куше өзінің "Бермуд үшбұрышы: аңыздар мен шындық" кітабында көптеген апаттардың негізін түсіндіріп өтеді. Есептеулер арқылы үшбұрышта болған кеме апаттарының саны бойынша басқа аймақтардан аса ерекшеленбейтінін анықтаған.
Оның үстіне 90‑жылдары радиобайланыс пен спутниктік навигацияның жетілуімен бұл аймақта жоғалатын кемелер саны әлдеқайда азайған.
Аңыз 2. Аймақта су астынан қауіпті газ жиі шығады.
Бермуд үшбұрышынан өткен кеме мен ұшақтар су астындағы жиналып қалып, жер бетіне кенеттен шыққан газ әсерінен жоғалып кеткен деген болжам бар. Сол газдардың тізімінде метан гидраты, көмірқышқыл газы және аммиак бар.
Болжам бойынша ол былай іске асады:Жүзіп келе жатқан кеменің астынан үлкен теңіз қайраңында жиналып қалған метан көпіршігі шығады. Бұл газдың тығыздығы суға қарағанда әлдеқайда төмен. Газды көпіршік көтерілгенде судың орташа тығыздығы төмендейді. Ол кемені көтеріп тұра алмайды және кеме салмағы басым болып суға батады.
Бұндай көпіршік әсерінен әуе апаты да болуы мүмкін. Ұшақ метанға толы ауада ұшқан кезде, қанатының көтеру күші азаяды. Ұшақтың қозғалтқышы атмосферадан тотықтырғыш алады. Метанды ауа кезінде тотықтырғыш мөлшері азаяды, сәйкесінше авиациялық отын жануды тоқтатады.
Теория ақылға қонымды болғанымен, оны дәлел жоқ. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, Блейк‑Ридж жотасының аймағында метан кен орындары табылмаған. Және соңғы 15 000 жыл ішінде Бермуд үшбұрышында газ шығарындылары болуы мүмкін емес екені белгілі болған.
Аңыз 3. Бермуд үшбұрышының толқындары қауіпті инфрадыбыс шығарады.
Бермуд үшбұрышының "құпиясының" тағы бір сыры — инфрадыбыс. Табиғатта микробаром немесе "теңіз дауысы" деп аталатын құбылыс бар. Бұл кезде мұхит толқындарының ең биік нүктесіне қатты жел соғылған жағдайда өте төмен жиілікті дыбыс шығарады. Кеңес және америкалық аэрологтар зерттеген табиғи және ғылыми түсіндірілген құбылыстың бары рас.
Кей адамдар "теңіз дауысы" кеме апаттарының басты себебі деп есептейді. Толқынның дыбысы қатты шығатыны соншалықты, адамдарды қорқыныш билеп, не істерін білмей қалады-мыс.
Бірақ, Саргасс теңізіндегі микробаромдар басқа аймақтармен бірдей. Одан бөлек, микробаромдар әсеріне көру қабілетінің бұзылып, бас ауруы, бас айналу, жүрек айнуы және тұншығуы мүмкін деген болжам бар. Сонымен қатар, жалған деректерде оның жиілігі 150 дБ деп көрсетеді. Шынында, микробаромдар жиілігі көп дегенде 75–85 дБ.
Аңыз 4. Кемелерді алып кальмар жұтып қояды.
Ұзақ уақыт бойы үлкен кальмарлар немесе сегізаяқтар Бермуд үшбұрышындағы оқиғалардың өте танымал түсіндірмесі болды. Мысалы, 1918 жылы аңызға айналған американдық "Циклоп" (USS Cyclops) кемесінің жоғалып кетуін кейбіреулер теңіз мегафаунасы өкілдерінің кесіренен деп есептеді.
2004 жылы жапон зерттеушілері үлкен кальмардың алғашқы суреттерін алды, содан бері мұхит зерттеушілері бұл жануарды тереңнен зерттеді. Кальмарлардың ең үлкені 12-13 метрден аспайды және салмағы 275 киллограмға жетеді. Әрине, кішкентай емес. Бірақ бұл үлкен кемелерді айтпағанда, кішкентай балық аулайтын қайықты да суға батыруға жеткіліксіз.
Сонымен қатар, кальмарлар өте қорқақ келеді, олар адамдарға шабуыл жасап, оларды жеуге тырыспайды.
Аңыз 5. Үшбұрышта магниттік өріс ауытқуы байқалған.
Бермуд үшбұрышындағы оқиғаларда кейде компастармен проблемалар туындағаны айтылады. Сондықтан бұл аймақта магниттік өрістердің ауытқулар бар деген болжамдар жиі кездеседі.
Шын мәнінде, мұндай нүктелер магниттік өріс ауытқуы болатын аймақтар бар. Мысалы, Флоридада географиялық солтүстіктен ауытқу шынымен нөлге тең. Бірақ Бермуд үшбұрышында ол 15°-қа тең. Ол XIX ғасырдан бері белгілі.
АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық орталығының (NCEI) бақылаулары Саргасс теңізінде электромагниттік өрістің ауытқуын анықтай алмаған. Құрылғылар бұл жерде еш ауытқусыз жұмыс істеді.
Аңыз 6. Үшбұрышты кесіп өтетін кемелердің сақтандыруы қымбат
Lloyd’s Maritime Information Services компаниясы үшін Норман Хук 1963-1996 жылдар аралығында болған кеме апаттарын зерттеген. Ол бұл аймақтағы апаттар мен жоғалулар ауа-райы әсерінен болғанын алға тартады. Сол себепті кеменің сақтандыруы бұл аймақта басқа аймақтармен бірдей.
Саргассқа қарағанда, Атлант мұхитының басқа аймақтары әлдеқайда қауіпті. Мысалы, Хаттерас мүйісіне қарама-қарсы аймақ "Атлант мұхит зираты" деп аталады, өйткені бұл жерде 1000-нан астам кеме апатқа ұшырады. Сонымен қатар Канада жағалауындағы Сабль аралында 350 кеме апаты тіркелген.
Аңыз 7. Теңізшілер мен ұшқыштар Бермуд үшбұрышынан алшақ жүруге тырысады.
Керісінше, үшбұрыш теңіз де, әуе қатынасы да жиі кездесетін аймақ. Оны дәл уақыт режимінде теңізде кемелерді көрсететін Ships қызметі арқылы тексеруге болады.
Ұшақ ұшқыштары мен кеме экипаждары қорқынышты Бермуд үшбұрышын елей бермейді және оны әдеттегідей кесіп өтеді. Әрине, теңізшілер бұл жерде шынымен де абай болу керек. Өйткені Саргасс теңізінің түбі күрделі қыртыстардан тұрады, сәйкесінше Гольфстрим ағысы жиі байқалады. Ал жергілікті құбылмалы ауа-райы ұшқыштарға қиындық тудырады.
Бермуд үшбұрышы туралы кеңінен таралған дәлелсіз деректер тізімі осындай. Сіз қандай тың ақпарат білесіз?