Базарлықтарды қалай таңдау керек?

Қалың жұртшылық кезекті демалысты шетелде өткізгенде немесе өзге елге іс-сапарға шыққанда елге естелік болсын деген ниетпен базарлық әкеліп жатады. Базарлықты тек өзіне ғана емес, ағайын-туыс пен жора-жолдастарға сый ретінде тарту етеді. Ал базарлықты қалай таңдау керек?

Француз тілінен аударғанда «souvenir» сөзі «естелік» деген мағына береді. Сол үшін де көпшілік барған елі туралы естеліктер көп болсын деп өзіне, жақын жандарына, тума-туысқандарына, достарына, әріптестеріне т.б. базарлықтар әкеліп жатады.

Базарлық дүкеніндегі тауарлар көздің жауын алатыны сөзсіз. Олардың әр алуандығы соншалықты, тіпті, қайсысын таңдарыңызды білмей қаласыз. Осы кезде санаңызға «Әпкем піл мүсінін жинаушы еді ғой», «Көршім қоңырауларды ұнатушы еді» т.с.с. ойлар келіп, бірден сауда жасауға асығасыз. Бар ойыңыз - жақындарыңызды сый-сыяпатпен қуанту. Бірақ та, кімге не алу керектігін білмей, әбігерге түсесіз. Сол үшін базарлық алмас бұрын, бар туыстарыңыз бен таныстарыңыздың тізімін жасап, кімге не алу керектігін бір қағазға түсіріп алыңыз. Дүкенге кіргенде бір көзіңізбен сөредегі тауарларға, бір көзіңізбен қолыңыздағы қағазға қарап қойғаныңыз жөн.


Базарлық туған күн, үйлену я мерейтойға тартылатын үлкен сый емес. Сондықтан да, оны таңдаған кезде ары-бері ойланудың қажеті шамалы. Сіздің әкелген базарлығыңыз, ең алдымен, «жолымды берсін» деген ишарат болуы керек.

Жеке басқа, қызығушылыққа, қызмет-кәсіпке қатысты базарлық әкелу міндетті емес. Әрине, бар ойымыз сыйымыз арқылы жақындарымыздың көңілін көтеру. Алайда, әрқайсысына сый алуға біріншіден, уақытыңыз тығыз; екіншіден, ақша-қаражаттарыңыз жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол үшін базарлық сатып алғанда барлығының көңілінен шығатын ортақ сый алған абзал. Мысалы, шарап, тәтті науаттар, кәмпиттер, жеміс-жидектер, шәй, кофе сияқты тағамдарды әкелуге болады.

Базарлықтарды дүкендерден ғана емес, базарлар мен жәрмеңкелерден алуға болады. Бұл жақта жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бірегей тауарларды сатады.

Шетелден әкелінетін базарлықтардың ішінде тоңазытқышқа жабыстырылатын магниттер үлкен сұранысқа ие. Магниттерді көптеп әкелсеңіз, оларды әріптестеріңізге, дос-жарандарыңызға, көршілеріңізге сыйға тартуға болады. Тек магнитті жақын достарыңыздарға, тума-туысқандарыңызға сыйламаған жөн.

Әр елде өзінің салтына, тарихына, наным-сеніміне, мәдениетіне қатысты базарлықтар сатылады. Кәдесый алғанда осындай тұстарды да ескерген абзал.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: fotki.yandex.ru, pozitiv-ru.com