- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Байқоңырдан ұшқан ғарышкерлер...
Байқоңырдан ұшқан ғарышкерлер ертең елімізге қайта оралады
Көктемде Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз МС-08" зымыранымен ұшқан Ресей ғарышкері Олег Артемьев пен NASA ғарышкерлері Дрю Фюель және Рики Арнольд арадан 161 күн өткеннен кейін яғни 4 қазан күні, қайтадан Жерге оралады. Ғарышкерлер отырған капсула Жезқазған қаласы маңына қонады деп жоспарланған.
21 наурызда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан "Союз-МС-08" зымыраны екі күндік сапардан кейін ғарыштық зерттеулерді бастаған. Ресей ғарышкері Олег Артемьев, АҚШ ғарыш және авиация агенттігінің (NASA) ғарышкерлері Дрю Фюель мен Рики Арнольд бортында болған "Союз МС-08" ғарыштық аппараты Ресей, АҚШ, Жапония, Еуропа және Канада елдерінің жалпы жобасы болатын – Халықаралық ғарыш станциясына сәтті жетіп, осы уақытқа дейін ғылыми зерттеулер жүргізген.
3 ұшқышты тасымалдайтын "Союз МС-08" 4 қазанда Қазақстанға келуі тиіс. Осы мақсатта орыс әскері іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 180 адамнан тұратын топ құрды. Бұдан басқа, Қазақстанға 12 Ми-8 тікұшағы, 3 Ан-12 іздестіру-құтқару ұшағы, 1 Ан-26 ұшағы және жер үсті көліктері мен жабдықтары жіберілді. 4 қазанда қауіпті қонудың алдын алу шаралары күшейтілді және елімізде құтқару алдындағы дайындық істері аяқталды.
Т. Раушанұлы