Әр елдің салты басқа. Еуропадағы көптеген ел, Америка құрлығында өмір сүретін халықтар "13" деген санды қатты ырымдайды. Мысалы, қонақасыларда 13 адам бір үстелге отырмайды, 13 түрлі ас қойылмайды, есік нөмірі, ғимараттың қабат саны немесе т.б. нөмірлерді 13 санымен таңбалауға тура келгенде, оның орнына әрқашан "12Б", "14А" деген сияқты сандар жазылады. Жастардың некесі, жаңа істің бастауы, сәт сапарға аттану, жаңа жұмысқа шығу сияқты игі істер айдың 13-ші жұлдызына мүлде орналастырылмайды. Теңіз сапарына айдың 13-і күні шықпайды. Тіпті Париж қаласындағы мейрамханаларда 14-ші нөмірлі кәсіби қонақ әзірленеді екен. Мейрамханаға келуге тиісті 14-ші қонақ келмей қалса немесе кешігіп қалып үстелде 13-ші болып қалса, әлгі кәсіби қонақ бос қалған орынды толықтыруға міндетті.
Рузвельт өз кезінде хатшысы Крис Туриді 14-ші адам ретінде пайдаланады екен. Ол Ақ Сарайдағы қонақасы дастарханына әрқашан ең соңғы минутта 14-ші нөмірлі қонақ ретінде шақырылыпты.
Батыстықтар "13" санынан не үшін осынша қорқып, ырымдайды? Мұның себебін бұлдырап артта қалған сонау ескі замандардан қарастыруға тура келеді. Оның тұрмыстық да, діни де себептері бар. Айтылымдарға қарағанда, алғашқы адамдар сан санағанда 10 саусақ және екі аяқ арқылы санауды ғана білгендіктен, 12-ге дейінгі сандарды ғана санай алған. Сонымен, "13" саны байыбына барғысыз қорқынышты санға айналып қалған. Ерте заманда Грекияның математиктері "13" деген цифрдан өлердей мезі болған екен, өйткені, ол "бүтін сан" емес. Інжілде Хауа ана мен Адам атаның жеуге тыйым жемісті ұрлап жеген күні дәл айдың 13-і деп жазылған. Римнің ауызша тарихында: "Бақсылар 12 адамдық жиналыс жасайды. 13-ші адам албасты саналады" делінген. Мұнан бөлек, "13" санының ырымдалуының Қайса пайғамбармен де байланысы бар деген тұжырым айтылады. Інжіл деректерінде Қайса дарға асылып өлтірілер қарсаңында өзінің 12 шәкіртін кешкі асқа шақырған. Осы "Ең соңғы кешкі асқа" қатысқан 13 адамның ішіндегі бір еврей сатқындық жасап, 30 жармақ күміс ақшаға бола Қайса пайғамбарды сыртынан сатып жіберген. Осыдан соң Қайса дәл 13-і күні дарға асылыпты.
Ерте заманда бас алатын жендеттердің ақысына 13 доллар ақша беріледі екен. Ал дар ағашына шығатын баспалдақтың саны да 13 болған...
Міне, тарихтағы осыншама көп аңыз себебінен "13" саны батыс жұртшылығының жүрегіне "үрейлі сан" болып орнаған.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: wikipedia.org