Басын жұлса да өлмеген балапан

Осыдан тура 70 жыл бұрын 1945 жылы қыркүйекте Американың Колорадо штатында әлемді елең еткізген оқиға болды. Жергілікті шаруа Ллойд Олсен етін сатып ақша ету үшін, бірнеше балапан сояды. 50 шақты балапанды бауыздап тәмамдаған шақта шаруаның әйелі басы жоқ болса да секіріп, жүгіріп жүрген бір балапанды көріп таң қалады.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңызға бергісіз бұл әңгімені  бізге жеткізген – фермердің шөбересі Трой Уотерс. Оқиға болған сәттен бастап баспасөз орындарынан түрлі журналистер ағылып-төгіледі. Көпшілігі фермердің берген сұхбаты мен көрсеткен тәжірибесі үшін ақы да төлейді. Сөйтіп қарапайым шаруаны күллі елге танытып, жарық күнде айды аспанға шығарады. Атағы жер жарғаны соншалық, оған жердің түкпір-түкпірінен белгісіз мекенжайлардан «Колорадолық басы жоқ балапанның иесіне» деген хаттар келіп тұрады.

Балапанға иелері «Майк» деп ат қояды. Басынан айырылған балапан демі үзілместен бір жарым жыл бойы өмір сүреді. 1947 жылдың көктемінде ғана соңғы демі таусылады.

Басы жұлынған Майкты тікелей өңеші арқылы сұйық аспен қоректендіреді. Тамызық арқылы тамағынан шырышты жойып тұрған. Түн ішінде Ллойд Олсен балапанның тұншығып жатқанын естиді. Тамағындағы шырышты алатын тамызықты табам дегенше, балапан үзіліп кетеді. Иесі өзінің салғырттығы кесерінен басы алтын тұқымнан айырылып қалғанын мойындаған.

Ғалымдар балапанның басын кескеннен кейін, көп дегенде 15 минут қана өмір сүретінін дәлелдеген. Артқы ми дененің басқа мүшелеріне хабар беріп, құс секіріп, жүгіре бастайды. Бірақ бұл үдеріс денедегі артық оттегі біткенде аяқталады.

Ньюкасл Университетінің докторы Том Смолдерс бұл оқиғаны балапан қанын жоғалтса да, жанын сақтауымен түсіндіреді. Балапанның басын жұлған кезде, алдыңғы миы жұлынған да, басқа үдерістерге жауап беретін мидың 80%-ы орнында қалған. Қаны жылдам таусылғанымен, ұйыған қан қалып қойған да, балапан сол арқылы өмірін ұзартқан.