Барсакелмеске бармаңыз

Барсакелмеске бармаңыз

Есіңізде ме, бала кезімізде адам бір барса қайта келмейтін "Барсакелмес" арқау болатын ертегілерді оқушы едік қой... Ата-әжелеріміздің аузынан еститінбіз. Ертегіге қанығып алған соң: "Қандай қорқынышты... Сонда барған адам шынымен келмей ме? Ол қайда екен? Мен барсам, ондағылардың бәрін жеңіп тастаушы едім..." сынды ойларға батып, ұйқыға кететінбіз. Сенесіз бе, сондай "Барсакелмес" шынайы өмірде де бар екен...

Кенияның солтүстігінде жатқан Рудольф аталатын өзеннің алқабында ерекше арал бар. Арал картада Оңтүстік деп берілетіндігімен, жергілікті тұрғындар "Энваитенет" дейтін көрінеді. "Энваитенет" сөзінің қазақша баламасы - "Барсакелмес".

Әрине, бұл атау ешқандай заңмен бекітілмеген. Ол өңірдің байырғы тұрғындарының айтуынша, ерте кезде құл сатумен айналысатын жауыздардың қолынан бір отбасы қашып шығып, осы аралға кеткен көрінеді. Қанша іздегенмен олар табылмады және қайта оралған емес. Ал құлдарды іздеуге аттанғандардың өзі сонда біржола қалып қойған. Із-түссіз кеткен. Кейбіреулер мұның себебін аралды мекен ететін алып кобрамен байланыстырады.

1956 жылы өзенде Вивиан Фуш бастаған экспедиция жұмыстары жүргізілді. Бұл жолы арал аумағына Мартин Шэфлис және Бил Дайсон есімді қызметкерлерді аттандырады. Африка жерін өте жақсы білетін тәжірибелі геологтар межелі жерге аман-есен жеткендіктерін хабарлайды. Тіпті, екі күн бойы "Бәрі ок" дегенді айтудан таймаған.

Алайда біраз уақыттан кейін дабыл доғарылады. Үрейленген Фуш ағылшындықтардың артынан үш құтқарушыны жібереді. Олардан қайран болмаған соң, жақын маңдағы Марсабит қаласынан көмекке тікұшақ шақырылады. Екі күн бойы үлкен топ кішкентай ғана аралдың тау-тасын қопарып, шөп-шалаңына дейін тексереді. Тіпті, жоғалғандарды тапқандарға көлемді сыйақы тағайындалады.

"Өкінішке орай нәтиже болмады. Олар сол кеткеннен оралмады, іздері де табылмады.  Африканың осы бір тас керең, қатыгез жерлерінің құшағында қалып қойған адамдарды ешкім көрмеген. Және бұл құпияның шешуін ешкім таба алмайтын да шығар..." деп жазады Фуш Вивиан өзінің күнделігінде.

Аталған оқиғадан кейін бірнеше жыл өтісімен Барсакелмес жеріне көшпелі самбуру тайпасының жауынгерлерінің озбырлығынан қашқан эльмоло тайпасы қоныстанады. Бастапқы кезде бәрі де жақсы, бәрі де тыныш еді. Олар жағалауға шығып, өздері аулаған балықтарын тері мен сүтке айырбастап, тіпті, туған-туыстарын қонаққа шақыратын болған.

Көп уақыт өтпей жатып көптен күткен оқиға орын алды. Тайпа өкілдері көзден жырақ кетті. Мұны байқаған ел-жұрт жан-жаққа хабар береді. Арнайы топ аралға келгенде қаңырап жатқан шағын ауылды көреді, заттарға ешкім тиіспеген, от енді ғана сөнген, тіпті өзеннен ауланған балықтар да өз қалпында жатыр екен. Бірақ дардай отыз адам қайда кеткен? Жер жұтып қойды ма? Құпияны ақтаруға жол ашатын ешбір дәлел, ешбір із жоқ.

Дүниені дүр сілкіндірген Барсакелмес аралы туралы небір пікірлер, небір тоқтамдар айтылып жүр. Бірі - жыландарға жапса, екіншісі - теріс күштерден көреді. Соңғы кезде Патшалық географиялық қауымдастық мүшелері: "Рудольф өзені жанартаудың атқылауынан пайда болғандықтан, ол жерден улы газдар бөлінеді де, адам психикасына теріс әсер етеді. Нәтижесінде, есінен ауысқан адамдар өздерін өзенге тастап, өледі" деген тұжырымды да айтып жүр. Алайда ақиқат әлі күнге дейін белгісіз.

Соңғы жоғалған отыз адамнан кейін бұл жерге ешкім аяғын аттап баспайтын болды.


Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева