Еуропаның ең алып мүсіні Румыния мен Сербияның шекарасында орналасқан. Ол берік жартасқа бекітілген. Децебал патшаның құрметіне орнатылған ескерткіштің жұмыстарына 10 жыл қажет болған. Құрылыс 2004 жылы аяқталды.
Биіктігі қырық метрге, ұзындығы жиырма бес метрге жететін ескерткіштің айналасында он екі мүсінші-альпинист қызмет еткен.
Дәл осы орынның таңдалуы да бекер емес: 105 жылы Дунай шатқалында Траян патша Дакия әскерін ойсырата жеңген екен. Тұтқынға түсуге көнгісі келмеген Децебал осы жерде өзіне қол жұмсайды.
Композицияға тоннадан астам динамит жұмсалған. Құрылыс жұмыстарына кеткен қаржы көлемі миллион доллардан асып кетеді. Оны жасауға тапсырыс берген – румындық тарихшы әрі бизнесмен Иосиф Константин Дрэган.
Мүсіннің іргетасында "DECEBAL REX - DRAGAN fecit" деген жазу бар. Мағынасы: Децебал, авторы – Дрэган.