Нью-Йорк қаласын безеп тұрған ғасырлар бойы талай адамның тамашасына айналған Азаттық мүсінінің тарихын кім білмейді дейсіз. Азаттық мүсіні немесе Леди Либертиді Бартольди жасады, металл қаңқасын Г.Эйфель құрастырды, бет-бейнесіне мүсіншінің анасы Шарлотта Бартольди үлгі болды деген сынды тарихты бәріміз де оқыдық. Шынында да мүсінді жоғарыдағы авторлар жасады, бұл даусыз, бірақ мүсіннің прототипі Бартольдидің анасы болды дегенге келісу қиын... Негізінде мүсіннің прототипі мысырлық араб әйелі болды дейтін алып-қашпа әңгімелер де кездеседі. Нью-Йорктағы бұл мүсінді жезден құрастырған Александр Густав Эйфель (Париждегі Эйфель мұнарысының да авторы). Мүсін Америка бостандығының 100 жылдығына тарту етілген. Идея авторы Фредерик-Огюст Бартольди де француз. Бірақ ол бұл идеяны Францияда емес Мысырда тапқан деген сөздер бар. 1855 жылы Бартольди алғаш рет Мысырға келген. Ол жердегі алып мүсін өнерін көріп таңданған екен. Бостандық мүсіні: трансатлантикалық тарих кітабының авторы Эдуард Беренсонның айтуынша Бартольди ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Египеттегі Сувайш каналының ашылуына арнап мүсін жасауға бел байлайды. Идея Османлы түріктерінің мысырдағы билеушісі Исмайл Пашаға ұсынылады. Бостандық мүсіні туралы бірнеше кітап жазған Барри Мореноның сөзіне қарағанда, мүсінді каналдың оң жағында орналастыру жоспарланған. Бірақ Мысыр билеушісі Исмайл Паша канал құрылысы үшін өте көп қаражат бөлгенін, мүсін оған қымбатқа түсіп кететінін айтып идеяны қабылдамаған екен. Бұл мүсін алғашқыда Азияға нұр таратып тұрушы мысырлық әйел деп аталған. Арада біраз уақыт өткесін Версаль маңындағы кешкі аста Бартольди бірқатар зиялы достарымен сөйлесіп отырып, АҚШ-тың азаттық алғанына 100 жыл толуына орай бірер сыйлық жасау керек деген ой туындайды. Сонда Бартольди орнынан тұрып: О, менде идея бар деген екен. Осылай араб кейпіндегі әйел сәл өзгертіліп, Америкаға тарту етілген. Мүсін АҚШ-қа жеткізілгенде оны ежелгі Римдегі азат құлдар құдайы Либертас деп таныстырған. Жаңа идеяға орай басындағы орамал алып тасталды, бірақ араб әйелінің үстіндегі киім сол күйінде қалдырылды. Франция атынан 1876 жылы тарту етілген бұл мүсін арада 10 жыл өткенде ғана 1886 жылы 28 қазан күні АҚШ-тың сол кездегі президенті Гровер Кливленд басшылығында өткізілген ашылу рәсімінде Нью-Йорк қаласында бой көтерді.