Ай мен күн неге тұтылады?

Ай мен күн неге тұтылады?
Фото: Patheos

Айдың тұтылуы – жыл сайын болып тұратын құбылыс. Кейде 12 айда 2-3 рет қайталануы мүмкін. Жалпы сирек болса да, қайталанып тұратын бұл құбылыстың сыры неде? Ай мен Күн неге тұтылады?

Күннің тұтылуы оны Ай тасалағанда, Айдың тұтылуы оған Жердің көлеңкесі түскенде байқалады. Егер Ай өзінің Жер айналасындағы қозғалысында Жер мен Күннің арасында келіп қалса (бұл тек қана Ай туғанда болады), онда ол Күнді жауып қалуы мүмкін, онда Күн тұтылады, Ай Жерге көлеңке мен алакөлеңке түсіреді. Жерге Ай көлеңкесі түскен нүктелерде ол тұтылу жартылай болады. Жердің әр нүктесінде тұтылу әртүрлі көрінеді немесе тіптен көрінбейді әрі ол әртүрлі уақытта басталады.

Күннің толық тұтылуы таңғаларлық көрініс. Аспанда қара дөңгелекті және оның айналасындағы тамаша шұғыла Күн тәжін көреміз. Ол – Күннің қатты қызған атмосферасының жарқыраған сыртқы бөліктері.  Күннің толық тұтылуы кезінде қараңғылық тез түседі. Бүкіл көкжиекте қызғылт шапаққа ұқсайтын жарқырау байқалады.

Жер мен Айдың қозғалысы жақсы зерттелгендіктен толық Күн тұтылуының уақыты мен орнын дәл есептеп шығаруға болады.

Ал Ай Жердің көлеңке аймағына енгенде, Ай тұтылуы басталады. Айдың тұтылуы тек Айдың толған кезінде, яғни Ай аспанында Күнге қарсы нүктесі маңайында болған кезінде байқалады. Бұл уақытта Ай жерге өзінің барлық жарықталған жарты шарымен "қарайды".

Ай батыстан шығысқа қарай қозғалғандықтан, Жер көлеңкесіне бірінші болып Айдың шығыс сол жақ шеті көрінеді. Оның бетінде біртіндеп үлкейетін кішкене кетік пайда болады. Ай орақ пішінде болады.

Егер  Ай өзінің Жер айналасындағы қозғалысында толығымен Жердің көлеңкесіне енсе, онда Айдың толық тұтылуы орын алады. Егер ол көлеңке шетін жанап өтсе, онда тұтылу жартылай болады. Айдың толық тұтылуы ұзаққа созылады, екі сағат (1 сағ 40 мин) дерлік болуы мүмкін. Жердің барлық нүктелері үшін ол бір уақытта басталып және бір уақытта аяқталады, әрі Айға қараған Жердің бүкіл жарты шарында бірдей байқалады.

Ай толық тұтылғанда, әдетте Ай аса қараңғы болып немесе толық көрінбей қалмайды. Бұл жердің атмосферасының бар болуымен түсіндіріледі. Жер атмосферасынан сынған Күн жарығы оған қызғылт түс беріп таралады және бір жағынан Ай пішінін жарықтандырады. Жер көлеңкесіне Ай жарым-жартылай кіргенде, Айдың толық және шала тұтылуы болады.

Толық Күн тұтылуы Жерге Ай көлеңкесінің дағы түскен орыннан ғана көрінеді. Дақтың диаметрі 250 шақырымнан артпайды, сондықтан бір мезгілде Күннің толық тұтылуы тек Жердің аз ғана бөлігінде көрінеді. Толық тұтылу фазасы 7 минут 70 секундтан артыққа созылмайды.

Егер Ай орбитасының жазықтығы эклиптика жазықтығымен дәл беттессе, онда әрбір жаңа айда Күн тұтылуы, ал әрбір толған айда Ай тұтылуы болып тұрады.

Бүгін күннің тұтылу құбылысы байқалуда. Мұны қазақстандықтар да көре алады. Жарияланған бақылау тізіміне сүйенсек, Нұр-Сұлтанда күннің тұтылуы 21 маусым сағат 11:30 кезінде басталып, күндізгі 13:42-ге дейін жалғасады. Бұл құбылыс шамамен сағат 12:35 кезінде анық көрінеді.

Алматыда күннің тұтылуын 11:16-дан бастап 14:06-ға дейін тамашалауға болады. Әсіресе 12:40 шамасында анықтап қарауға кеңес береміз.

Мамандардың айтуынша, бұл Күннің 2020 жылғы ең қысқа және ең анық шеңберленіп тұтылуы болмақ. Олар мұндай астрономиялық құбылысты арнайы күн фильтрін қолдана отырып тамашалау керектігін еске салады.

 aikyn.kz

Н. Үсенова