Ата-бабадан қалған ұлт дәстүрлері

Бет айғақ. Халықтың құқықтық салтында малды немесе затты тапқан, көрген адамға сүйіншісін береді әлде «қалағаныңды ал» дейді. Ал қылмыстық істерде қылмыскерді, ұрыны, жат істермен жүргендерді ұстаған адамға сүйінші орнына берілетін ынталандыру сыйлығы бар. Оның аты - бет айғақ. Мұнда «бет айғақ» жасаған адамға бұрынғы билер кеңесінің тәртібі бойынша малдың, мүліктің, ақшаның бестен бірі беріледі. Әрине, әлгі адам қылмыскердің іс-әрекетін дәлелдеп, айғақты заттармен, куәлермен оның мойнына қойып беруге міндетті. Бұл істі ел билері ақсақалдардың қатысуымен шешеді. Шешім сол сәтте орындалады.

Бұйымтай. «Көңілімде бұйымтайым ең қымбатты, Отырмын енді соны сұрайын деп». Сыйлас, бастас кісілер әдейі келіп, сәлемдесіп екі-үш күн болғаннан кейін қонақ аттануға рұқсат сұрайды. Бұл қонақтың қалағаны немесе нендей шаруасы барын білу деген сөз. Қонақ мұндайда келген шаруасын, яғни «бұйымтайын» айтады. Қонақ өтінішін орындау қазақ үшін бұлжымас заң. Оны қолынан келген әр адам өзіне міндет санайды. Әдеп бойынша үйіне келген кісіден үй иесі дастархан жайып, шаруасын сұрап білуі парыз. Оның көңілін қалдырмаған жөн.

Шаң басты - құқықтық салт. Ежелгі қазақ тәртібі бойынша бөтен адамдар біреудің меншікті жерін рұқсатсыз баса алмаған. Ол кезде меншікті жердің бақылаушы күзетшілері болған. Ал, алыста жүрген жолаушылар болса, көзге көрінген ауылға соқпай, ол елдің халқымен сәлемдеспей, естіп білген ел жаңалықтарын жеткізбей өтпеген. Бұл тәртіпті бұзған адамды ұры, қарақшы, күдікті адам деп санаған. Мұндай жағдайда ел, ауыл басшылары ондай адамдарды ұстатып алып, тергеп, тексеріп айып салған. Мұндай заңды «шаң басты» жазасы дейді. Демек, ол кезде ауыл тұсынан шаңдатып өту де әдепсіздік деп есептелген. Ертеде елімізде тәртіптік заңы қатал әрі әділетті болғанын осындай жазалар арқылы байқауға болады.  

Оқи отырыңыз: 

Төрт түлікті түгендесек

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қазақстан туралы тамаша бейнебаяндар

Ағашты көркемдеп өңдеу шеберімен сұхбат

Сурет:tonykok.kz