Астрономдар Жерге бет алған ірі астероидты соңғы сәтке дейін байқамаған. Ғалымдар диаметрі төрт метрді құрайтын астероидты Жердің атмосферасына енген сәтте бір-ақ білген.
Ауыр тас Жердің бетіне жетпей атмосферада толықтай жанып кеткен. Осымен астрономдар төртінші мәрте Жерге беттеген астероидты байқамай қалды. Аспан денесі Пуэрто-Рико елінің астанасы Сан-Хуан қаласының төбесінде жанып кеткен. Ірі астероидтың адам өміріне қауіп төндірмегеніне қарамастан астрономдардың назарынан тыс қалуы алаңдатып отыр. Мұндай жағдай соңғы 11 жылда төртінші рет қайталанды.
Астероидты алғаш байқаған сәтте ол Айдың арғы бетінде, Жерден шамамен 500 мың шақырым қашықтықта болатын. Ғалымдар аспан денесінің жарылыс күші 6 мың тонна динамиттің жарылуына тең болды деп отыр.
Айта кетейік, 2013 жылы салмағы 10 мың тонна болатын 17 метрлік метеорит Қазақстан мен Ресейдің аумағындағы атмосферада жанып кеткен еді. Челябинск деп аталып кеткен бұл метеорит атмосферада Хиросимаға түскен атом бомбасынан екі есе қуатты жарылыс жасаған.
Мамыр айында АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Planetary Defence конференциясына жиналған екі жүзден астам астроном мен инженер 2027 жылы Жер планетасын жойып жіберуі мүмкін 2019 PDC астероиды туралы пікір алмасқан болатын.
2019 жылдың наурызында астрономдар Жерден 57 миллион қашықта диаметрі 300 метр астероидты анықтаған. 2019 PDC астероидының мақсаты – Жер. Мерзімі – 2027 жылдың 29 сәуірі. Заманауи техника мұндай қауіпті астероидты Жерге жетпей тұрып 8 жыл бұрын анықтауға қауқарлы екен.