- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Астероид саналып келген...
Астероид саналып келген аспан денесі ғаламшар болып шықты
Осы күнге дейін астероид саналып келген Гигея ергежейлі ғаламшар санатына ауыстырылуы мүмкін. Бұл туралы Nature Astronomy басылымы жазды.
Гигеяны 1849 жылы италиялық ғалым Аннибале де Гаспарис ашып, оны ежелгі грек мифологиясындағы денсаулық құдайының құрметіне Гигея атаған. Марс пен Юпитердің ортасында тұрған Гигея Күнді 5,5 жер жылында айналып өтеді екен. Оның диаметрі бар болғаны 430 шақырымды құрайды.
Ғалымдар Күн жүйесінде бес ергежейлі ғаламшар бар деп санайды. Олар: Плутон, Эрида, Хаумеа, Макемаке және Церера. Ішіндегі ең кішкентайы – Церера, оның диаметрі - 950 шақырым. Енді Гигея алтыншы болы тіркелуі мүмкін.
Гигея астероиды
Жақында астрономдар Гигеяны Еуропаның Оңтүстік обсерваториясындағы "Өте үлкен телескоппен" (Very Large Telescope) зерттеп, оның пішіні шар тәріздес екенін анықтаған. Осыдан кейін ғалымдар Гигея ергежейлі ғаламшар деген тұжырымға келді. Өйткені ол шар тәріздес, Күнді айналады, ешқандай ғаламшардың серігі емес және өзінің орбитасын өзгелерден тазарта алмайды.
- Гигеяның жаңадан алынған суреттерін зерттей отырып оны астероидтан ергежейлі ғаламшар санатына ауыстыруға толық негіз бар екенін айта аламын. Сондай-ақ ол қазіргі таңдағы Күн жүйесіндегі ең кішкентай ғаламшар атанады, - дейді зерттеуші топтың жетекшісі Пьер Вернацца.
Ғалымдар Гигея осыдан шамамен 2 миллиард жыл бұрын Церера мен бас белбеудегі барлық астероидтар секілді жойқын соққының әсерінен пайда болды деп топшылайды.
А. Рысдәулет