Қазақ БАҚ өкілдері бүгінде Қытай Халық Республикасын тілге тиек еткенде «Аспан асты елі» деп жазып жүр. Бұл аспаннан түскен атау емес. Тегінде қолданыста болған, тіпті қытайдың өзі пайдаланған атау. Бірақ дәл қазіргі таңда бұл атау қытайды қорлаумен бірдей. Тіпті қытай жерінде жүріп, оларға «қытай» десеңіз, ренжіп қалады. Себебі олар өздерін өз тілдерінде «ханзу» деп атайды және осылай атауды талап етеді.
«Аспан асты елі» атауының шығуы
Қытай соңғы елу жылдың ішінде экономикалық жағынан жылдам дамып, зор өзгеріс енгізген ел. Осыған дейінгі тарихына көз жүгіртсек түрлі қиындықты бастан кешті. Шыңғыс тұқымының билеуі, жапондардың келуі, ағылшындардың апинмен жаулауы сынды түрлі кезеңдерді бастан кешті. Ал «аспан асты еліміз» деп атауы олардың мынадай түсінігінен шыққан.
Алғаш жер пайда болған сәтте қытайлардың түсінігінде жер бетінде «ханзулар» ғана болған. Өздерін аспан астындағы ең ұлы елміз деп санаған. Бірақ олардың өмір сүрген дәуірінде қытай бір патшалық қана болған. Патшалық халық үшін алып және күшті болып көрінген. Осыдан «Үш патшалық», «Батысқа саяхат» сынды тарихи аңызға негіз болатын шығармалар туған. Екі шығарма желісі бойынша да фильм түсірілген. Фильмге көңіл аударсаңыз, аспанды да, жерді де билеп отырған қытайлар және олардың үстінен бақылаушы будда тұрған.
Қазіргі ханзулар не дейді?
«Аспан асты елі» деген атаудың болғаны өтірік емес. Бірақ бұл патшалық дәуірде қалып кеткен, кішкене ғана аумақты қамтыған елдің түсінігі. Қазір Қытай жер көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұрған, алып әрі экономикасы дамыған ел. Бұл атауды біздің БАҚ түгілі, сол елдің азаматтары да қолданбайды. Себебі бұл сөзді өздерін төмендету, қорлау деп санайды. Біздің түсініктегі «аспан асты елі» қытайлардың түсінігіндегі дүниемен сәйкес келмейді. Сондықтан әр атаудың шығу тарихы мен шежіресін біліп қолданған дұрыс.
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, сауаттылықтың бір белгісі де жан-жақты білім жинау және көз жеткізу. Әрбір сөзді дұрыс әрі орынды пайдаланған абзал. Әсіресе БАҚ беттерінде. Егер тарихын білмесеңіз, біреу айтты екен деп, біреу жазды екен деп сойылды соға бермеңіз. Қазақ мұндайда «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дейді.