Галстук ерлерге сән беретін кастюмнің ажырамас бөлігі. Негізінен галстуктың пайда болуы армиядағы қызметке байланысты болған. 1974 жылы Қытайда әйгілі Терракота әскері табылды.Ежелгі өркениетте белгілі бір ықпалы бар адамдар өлсе оған қосып жеке заттары мен атын, қызметшілерін кейде тіпті әйелдерін де жерлейтін болған. Өйткені ежелгі түсінік бойынша олар арғы дүниеде де басшысына қызмет етеді деп сенген. Император Цинь Шихуанди 22 жасында билікке келіп, Қытай аумағын ғұндардан жаулап алу арқылы 400 шақырымға кеңейтіп, атақты Қытай қорғанын салдырған. Қайтыс боларында ескі ғұрыппен арғы дүниеде де әскербасы болуы үшін өзімен бірге бүтін бір армияны қоса жерлеуді өсиет еткен. Бірақ қытайлар соншама адамды өлімге қимай саз шеберлеріне 8099 жауынгер мүсінін жасатып, соларды әскер орнына жерлеген. Ең қызығы әрбір жауынгер мойнына орамал байланған. Бұл патшаның ерекше жасақталған жауынгері деген мағынаны берген екен. Мойынға байлайтын мата римдік легионерлердің Траян Колоннасында да кездеседі. Бұл жеңімпаз римдіктер тарапынан Траян императорының дакий тайпаларын тас-талқан еткен ірі жеңісінің құрметіне, заманымыздан бұрынғы 113 жылы арнайы дайындалған. Терракота армиясы сынды римдіктер сапында да орамал арнайы сарбаздардың мойнына байланған. Бұл ерекшелік кейінгі бірнеше жүз жылдықта сақталған.Орта ғасырлардағы еуропалық билеушілердің сұлулыққа ерекше құмарлығының арқасында галстуктер тарихы жаңа серпін алды. Сәндегі түрлі ұстанымдар өзгерді. XVIII ғасырда Кәрі құрлықтағы барлық ерлері көлемі мен түсі жағынан бір-біріне ұқсамайтын орамалдарды тағып жүруді әдетке айналдырды. Мойынға байлайтын орамалдар туралы кітаптар жазылды, көрмелер өткізілді. Оның сәнге айналғаны сонша кейбір ауқатты адамдар ерте тұрып, мойын орамалдың барлық заңдылығын сақтап байлау үшін бірнеше сағат уақытын жұмсайтын болды.1827 жылы атақты жазушы Оноре де Бальзак Киім киюдің өнері деп аталатын кітап жазды және ХІХ ғасырдың ортасында ұзын түсті байлау сәні Англияға келді бұл қазіргі галстуктың прототип нұсқасы еді. Уақыт өте келе галстук байлау оңайлана бастады. Бұрынғыдай көп уақыт алмайтын болды. 1924 жылы АҚШ-тық кәсіпкер Джесси Лангсдорф төрт бөлімнен тұратын галстук сызбасын патенттеді. Ол қазір де өз танымалдылығын жоғалтпаған галстук болып қалды.