Гиза қаласында тарихи пирамидалардың жанында алғаш рет көрме өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген суретшілер инсталляцияларын мысырлық "Burning Man"-де ұсынды. "Forever is Now" көрмесінде тордан жасалған алып қолды, 74 ағаш бөлігінен дайындалған 7 метрлік мүсін, әйнек пирамида, күн көзіне шағылысқан алтын күмбез секілді түрлі туындыларды көруге болады.
Гизада біздің дәуірге дейінгі XXVI–XXIII ғасырда Хеопс пирамидасы салынған, "әлемнің жеті кереметтерінің" арасында бүгінге дейін сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Хеопстан басқа Хафре және Микерин пирамидасы, тағы кішкентай пирамидалар бар. Көрмеге қатысқан жаңа заман суретшілері ескерткіштер мен сол кеңістікке құрметпен, ұқыптылықпен қарап, жұмыс істеген. Олардың жұмыстары мен тарихи ескерткіштердің арасында байланыс орнағандай.
Тарихи арт қозғалысқа АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Украина, Сауд Арабиясынан суретшілер қатысқан. Бұл шараға Ai-Da деп аталатын робот-суретші де келген, алайда мысырлық кеденшілер оны тыңшы деп күдіктеніп, 10 күнге қамауға алған. Бірақ кейін босатқан соң, ол шараға қатысуға мүмкіндік алған.
Art D’Egypte компаниясы көрме туралы идеяны төрт жыл бұрын ойластырған. ЮНЕСКО мен Мысырдың туризм және ескерткіштер министрлігімен тілдесіп, келісімге келуге үш жыл кеткен. Көрме кураторы Саймон Уотсон "сурештілер мен бюрократтар арасында биледім" деп қалжыңдаған екен. Шенеуніктерді көрме ұйыдастыруға көндіру өте қиынға соққан, алайда компания жетекшісі Надин Абдель Гаффар: "Олар өнер көне қабырғалардың тіл қатуына көмектеседі дегенге сенді. Көне Мысыр мен оның жаһандануы әлемдік өнер мен тарихқа оң әсер етеді. Ал біздің үндеу – үміттің сөнбейді" дейді.
Көрме 7 қарашаға дейін жалғасады.