- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Арал қалай пайда...
Арал қалай пайда болады?
Құрлықтың айнала сумен қоршалған бөлігі "арал" деп аталады. Бір-біріне жақын жатқан аралдар тобы аралдар отбасын құрайды, оны архипелаг дейді. Аралдар қалай пайда болады екен, соған назар аударып көрейік.
Теңіз толқындары жүздеген жыл бойы жағаны шайып бұзады, одан құрлықтың белгілі бір өңірін бөледі. Әуелгі әлгі жер бөлігі материкпен жіңішке мойнақ арқылы жалғасып жатқан болады да түбек деп аталады. Бірте-бірте мойнақты су бұзғаннан кейін Арал пайда болады.
Бірте-бірте құрлықтың шөгетіні, оның келіп теңіз немесе мұхит суының басатыны да болады. Мұндайда суға тек тау бастары ғана батпай қалады. Олар да арал жүйесін құрайды. Мысалы, ғалымдар Тынық мұхиттағы Алеут және Командор аралдарының осылай пайда болғанын анықтады.
Үлкен өзендер мұхитқа саз балшық, лай мен құмды алып баратын жерлерде де аралдар жиі пайда болады. Жыл артынан жыл, ғасыр соңынан ғасыр өткен сайын бұл салындылар тұнады да, аралдар түзіледі. Сондай-ақ, аралдар су асты вулкандарынан да жаралады. Мысалы, бір жерде мұхит түбінде үлкен вулкан түзілді делік. Оның кратері арқылы Жер қойнауынан лава атқылайды. Біртіндеп, кейде ондаған не жүздеген жылдан кейіе, бұл су асты вулканы су бетінен жоғары көтеріліп шығады да, аралға айналады.
Ал, енді маржан аралдарының пайда болуы ғалымдарға оңай жұмбақ болған жоқ. Өйткені олардың көпшілігі сақина тәрізді болып келед. Ондай аралдар атолл деп аталады. Пальма ағашытары өскен мұндай атолдар мұхит бетінде бейне бір белгісіз алыптың төңкеріліп жатқан құндыз бөркін елестетеді. Сақинаның лагуна деп аталатын ішкі жағы біршама таяз, ал оның сыртқы жағасы бірнеше жүз метрге дейін терең болады.
Су астында атолл жұмырланып келген тіп-тік алып мұнараға ұқсайды. Мұндай табиғат кереметінің пайда болу сыры неде? Бұл жұмбақты ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин ашты.
Дарвиннің болжауы бойынша: мұхиттың тропикалық өңірінде вулкан аралы пайда болады да, оның айналасындағы таяз суды маржан полиптері келіп мекендейді. Полиптер қаптап өсіп, вулкан аралын құрсаулаған тастақты сақинаға, яғни теңіз рифіне айналады. Егер сол жерде мұхит түбі біртіндеп төмендей бастаса, вулкан аралы мен оны қоршаған риф те онымен бірге шөгеді. Алайда, мұхиттың бет жағындағы жылы суда ғана тіршілік ете алатын полиптер баяғы әрекетін қайта бастап риф жасауға кіріседі. Тым тереңге кеткен полиптер әрние өледі, бірақ олардың ұрпақтары жоғары ұмтыла береді. Ақыры риф биіктей келе табанында сөнген вулкан жатқан аралға айналады.
Дарвин қайтыс болғаннан кейін зерттеушілер атолды дәл табанына дейін бұрғылады. Сөйтіп, Дарвиннің болжауы әбден дұрыс екеніне көз жеткізді.
Ж. Жұмағұлов