Ұлыбританиялық зерттеушілер Антарктидада пайда болған аса ірі жарықтың видеосын жариялады. Жарықтың ұзындығы - 40 шақырым, тереңдігі 500 метрді құрайды екен. Ал кей жерлердегі жарықтың ені 100 метрге дейін жетеді.
Зерттеушілер алдағы уақытта Антарктидадан алып мұздық бөлініп шығады деп болжап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, бұл мұзтау тарихтағы ең ірі он айсбергтің бірі болмақ. Оның көлемі шамамен 5 мың шаршы километр. Бұл Алматы аумағынан жеті еседей үлкен.
Мұзтау «Ларсен С» деп аталады. Ол мұхитқа сұғына шыққан, бұрын үш бөліктен тұрған Ларсен атты мұздықтың бір бөлігі. 1995 және 2002 жылдары «Ларсен А» мен «Ларсен В» суға кетті. Ғалымдардың айтуынша, оған себеп – жаһандық жылыну. «Ларсен В» айсбергінің аумағы 3250 шаршы километр болатын, ол небәрі 35 күн ішінде еріп, жоқ болды.
Ұлыбританиялық зерттеушілер жақын күндері «Halley VI» зерттеу орталығының жұмысын уақытша тоқтатпақ. Себебі мұздық қашан және қалай бөлінетін оларды алаңдатып отыр. Сондай-ақ зерттеу орталықтарын толықтай көшіруді де жоспарлауда.