Бүгін - Ана тілінің халықаралық күні. Бұл атаулы күн 1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО Бас Конференциясының 30-сессиясының шешімімен бекітілген және 2000 жылғы ақпанның 21-інен бастап тілдік және мәдени әр алуандықты қорғау мақсатында атап өтіледі.
Бұл күнді 1952 жылдың 21 ақпанында шығыс Пәкістанның (1971 жылдан Бангладеш) Дакка қаласында (қазіргі Бангладештің астанасы) болған шеруге байланысты белгіленді деуге болады. Ол күні өздерінің ана тілі - бенгал тілін қорғау үшін елдегі ресми мемлекеттік тілдің бірі ретінде тануын талап еткен пәкістандық студенттерге қатаң жаза қолданылған екен. Және 21 ақпан - Бангладеште сол қанды оқиғаны еске алу күні ретінде әлі күнге дейін аталып өтіледі.
Кейіннен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2008 жылды халықаралық тіл жылы (International Year of Languages) деп белгілеген болатын. Бәрі де ана тілдің мәртебесін көтеру, ана тілді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Тілдер - рухани және материалдық құндылықтарымызды сақтаудың ең негізгі құралы. Мамандардың айтуы бойынша, тілдердің өмір сүруі үшін ол тілде кемінде 100 000 (жүз мың) адам сөйлеуі керек екен. ХХ ғасырдағыдай тілдердің өлуі бұрын-соңды болмаған. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы аз тұтынушылы тілдердің жойылуына негізгі себеп ретінде қарастырылады. ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, әлемнің шамамен 6000-ға жуық тілінің жартысы жуық арада өз тұтынушыларын жоғалтуы мүмкін. Халықаралық ана тілі күнін белгілеудің бір себебі ретінде осы жойылуға бет алған тілдерді сақтап қалу мәселесі де қарастырылған.
Суреттер:biblioyurta.blogspot.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева