- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Американы 3300 жыл...
Американы 3300 жыл бұрын қытайлар ашқан - ғалым
Иллинойс ғалымы Джон Рускамп Американың ашылу тарихын қайта жазып шығуға болатындай жаңалық ашты. Альбукеркенің Петроглиф Ұлттық саябағындағы жартасқа жазылған 25 мың суреттің ішінен ғалым біздің дәуірімізге дейінгі XIV ғасырдағы ежелгі Қытайдың жүздеген иероглифтерін тапты. Ол бұл туралы сараптамалық бағалаудан өтіп жатқан ғылыми мақаласында жазды.
Альбукеркедегі Петроглиф Ұлттық саябағы. © wikimedia.org
Қытай хаттарын зерттеуші маманның болжамы расталса, онда Америка құрлығын 3300 жыл бұрын, яғни Христофор Колумбқа дейін 2800 жыл бұрын қытайлар ашқаны дәлелденеді.
Жазулар 30 шаршы метр ауданды алып жатыр. Осыған дейін бұл жазуларды тасқа Американың ежелгі тұрғындары - үндістер мен испан халқы жазды деп есептелген. Бірақ пиктограмманы анықтап зерттей келе Рускамп жазуды қытайлық Шан династиясы (б.э.д 1600 -1027 жылдар аралығында өмір сүрген) иероглифтеріне ұқсас деген қорытындыға келді.
Альбукеркенің Петроглиф Ұлттық саябағындағы жартасқа жазылған кей белгілер ежелгі Қытай жазуларына ұқсайды. © John Ruskamp
© John Ruskamp
Қытай жазуларына ұқсас белгілер Американың басқа да жерлерінен - Аризона мен Невада штаттарынан табылды.
Рускамптың айтуынша, ол ежелгі Қытай иероглифтеріне ұқсас 84 пиктограмманы тапқан. Олардың кейбірі мәтінмен байланысты болып шықты.
Аризонадан табылған пиктограммалар да ежелгі Қытай иероглифтеріне ұқсас. © John Ruskamp
© John Ruskamp
Скептиктердің белгілерді Америкаға қазіргі кезде қоныстанған эмигранттардың жазуы мүмкін екендігі туралы ойын ғалым жоққа шығарды. Рускамптың айтуынша, Шан династиясы кезінде жазылған Қытай жазулары ұмытылып кеткен. Қазір мұндай жазуларды тек кейбір ғалымдар ғана біледі. Ежелгі белгілерді толығымен оқу әзірше мүмкін болмады.
Джон Рускамп. © China Daily
Daily Mail басылымының мәліметінше, Джон Рускамп Американы қытайлардың ашқаны туралы айтқан алғашқы адам емес. Ұлыбританиялық тарихшы Гэвин Мензис "Американы кім ашты" атты кітабында Америка құрлығында алғаш рет адмирал Чен Хенің болғанын айтқан. Өмірінің 14 жылын Қытай экспедициясы қозғалысының картографиясына арнаған бұрынғы офицер-сүңгуір бұл жағдайдың Колумбтан 70 бұрын болғанын айтқан екен.
М. Бисембаева