Американың Нью-Йорк қаласы – әлемнің ең керемет мекендерінің бірі. Мұнда келіп қызмет жасаудан бөлек жәй ғана серуендеп кету талай жанның арманы. Көптеген өзге ұлт өкілі мен ғажап дүниелердің тоғысқан ордасынан кез келген жаңашылдықты тауып алу оп-оңай. Осы бір ғаламның ғажап жерінде миллиондаған адаммен бірге Лубутен есімді ит те өмір сүреді. Оны көрген адам бойындағы ашу-ызаны тез ұмытып қуанышқа кенеледі. Себебі, үй жануарының құшақтайтын тамаша әдеті бар. Маңынан өтіп мейірім танытқан әрбір жанды қос аяғымен баурап өзінің жақсы көретіндігін сездіреді. Иесінің айтуы бойынша, бұл әдет осыдан үш жыл бұрын басталған екен.
Цезарь Фернандес-Чавес есімді азаматтың үй жануары басында мүлдем көңілінен шықпаған. Оның мұңды бейнесі мен адамдарға жақындай беруі әбден титығына тиген. Кейін көшеге алып шығып, мұндай иттің керемет қылығына таңғалған. Содан бастап жеті қазынаның бірі көшеде отырады екен. Лубутеннің қасынан өткен адамдардың барлығы сипалап, құшақтағысы келіп тұрады. Адамдардың көңілінен шыққан төбеттің есімі атақты француз дизайнері Кристиана Лубутеннің құрметіне қойылған.
Қазіргі уақытта бұл иттің өзінің инстаграмда жеке парақшасы бар. Сонымен қатар маңайындағы барлық адам осы бір керемет жануарды жақсы таниды.