Алып көкөністер көрмесі - 2012

Алып көкөністер көрмесі - 2012

Балалық шағыңызда ата-әжеңіздің аузынан естіген немесе кітаптардан оқыған алып қызылша туралы ертегі есіңізде ме? Атасы да, апасы да, немересі де бар күшін салса да, қызылшаны жерден суырып ала алмай әбден әбігерге салынушы еді ғой... Осы ертегіні ести сала «шіркін, біздің бақшада да сондай алып көкөніс болса ғой» деп армандаумен ұйқыға кетуші едік. Одан бері қаншама жылдар өтті, енді міне, сол қиялдарымыз бен армандарымыз бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Мұндайды көру бақытына ие болған - ағылшын балалары екен.

Сенбейсіз бе? Сөзіміз нанымды болу үшін Харрогейт жерінде жыл сайын өткізілетін күзгі гүлдер мен көкөністер көрмесі туралы әңгімелегеніміз абзал болар.

Күллі жұртшылықты сағындыра күттіретін Харрогейт көрмесіне Англияның түкпір-түкпірінен мыңдаған бағбандар жиналады. Алтын қолды бақшашылар жаз бойы ерінбей еңбек етіп, өздері өсірген көл-көсір өнімді халыққа көрсетіп, өздеріне лайықты марапатқа ие болады.

Жақында ғана өткен аталған көрменің биылғы жылғы жеңімпазы - Ньюарк жерінен келген Питер Глейзбрук. Питер өзінің ерен еңбегінің арқасында алып кәді өсірген. «Бақша кереметін» көрермен алдында көтеру үшін атақты атлетші Джонатан Уолкер шақырылған. Әрине, кәсіби спортшы үшін 54,3 келі көкөністі көтеру еш қиындық тудырмады, алайда, дәл осы кәдіден тағам жасауға тәуекел ететін ханымдарымыздың табылуы екіталай.

Бәрін айт та, бірін айт, Питер Глейзбургтің көрмеге әкелген пиязы жұртшылықты әбден таңырқатты. «Жылатқыш көкөністің» салмағы алдыңғы жылға қарағанда 60 грамға көтерілген, яғни биылғы жылғы салмағы 8,1 келіні құрайды.

Питер бағбанның тосын сыйлары мұнымен бітпейді. Ол пияз бен кәдіге қоса, 36,74 келі орамжапырақ өсіріп шығарған. Жеңімпазға алып орамжапырақты жәрмеңкеге әкелу үшін арбаның көмегін пайдалануға тура келген.

Көрмеге жоғарыда аталған алып көкөністермен қатар, жеміс-жидектердің алуан түрлі сорттары қойылды. Фестивальдің нағыз сәні ретінде гүлдер жылыжайы, көкөністер мен жемістерден жасалған түрлі бумалар танылды.

Ал сіздердің бау-бақшаларыңызда осындай алып көкөністер бар ма?

Суреттер:kolyan.net,bugaga.ru,kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева