Экологиялық білім беру қоры (FEE) 2016 жылы Испания жағажайларын ең үздік деп таныды. Бұл туралы Экологиялық және тұтынушылық ағарту қауымдастығы (ADEAC) таратқан хабарламада айтылады.
Биылғы жылы Испания FEE-ден жалпы алғанда 586 көгілдір жалау алды. Бұл ерекшелік белгісі жыл сайын төрт өлшем - судың сапасы, экологиялық білім және демалушыларға арналған ақпарат, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іріктеліп беріледі. Осылайша, ел 2015 жылы 577 көгілдір жалау алып, қол жеткізген әлемдік рекордын жаңартты.
Ел ішінде жағажайлардың сапасы бойынша Валенсия (125 жалау) көш бастады, екінші орынды Галисия (123) алды, үшінші орын Каталонияға (98) бұйырды, төртінші орында - Андалусия (75), ал бесінші орын - Балеар аралдарына (45) бұйырды.
Жаһандық рейтингте екінші орынды 444 жалау жинаған Түркия алды, одан кейін Грекия (430 жалау), төртінші орында 400 жалаумен Франция тұр. Үздіктер бестігін 315 сертификат жинаған Португалия тұйықтап отыр.
Дереккөз: inform.kz