Әлемнің сегізінші кереметі

Әлемнің сегізінші кереметі
Фото: novaiy.ru

Түркия жерінде қонақ болған кез келген қазақ Памуккале деп аталатын табиғат кереметін көрген болар. Ал ондай кереметті көру мүмкіндігінен мақұрым қалған Әлемтану оқырмандарына атақты ақ таулар туралы ақпараттарды оқып шығуға асығыңыз дегіміз келеді. Өйткені, Памуккале экологиялық апаттың алдында тұрғандықтан, жақында бұл жер біржола ғайып болады деген алып-қашпа әңгімелердің жаны бар.

Памуккале сөзі түрік тілінен аударғанда "Мақталы қорған" деген мағынаны білдіреді. Расымен де солай, Памуккалеге алыстан қарасаңыз, ерекше бекіністі көргендей боласыз. Ал жақындағанда тау екендігіне көзіңіз жетеді.

©sunmar.ru

Сталактитпен көмкерілген террасаға ұқсайтын таулар Денизли қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан.

Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан Памуккале дертінен айыққысы келетін миллиондаған адамдардың құтқарушысына айналып үлгерді. Тарих беттерінде тіпті сұлтандардың өзі осы Памуккаленің шипалы суымен емделгендігі айтылады. Су гипертония, ревматизм, рахит, сал ауруларына, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, асқазан-ішек, тері және көз ауруларына жақсы көмектеседі. Ем іздеп келген кез келген адам шағын ғана сарқырамалардың астында тұрады екен.

Памуккаледен бес шақырым жерде атақты Карахаит шипалы бұлағы ағып жатыр. Бұл жердің суы Памуккаленің суы секілді ақ емес, ашық-қызыл түсті болып келеді. Судың температурасы - 60 градус.

ubergirls.me

Памуккаледен бес минут жол жүретін болсаңыз, жылы минералды суы бар "аңыз бассейнін" көре аласыз. Ол құрамында магний, кальций сульфаты мен көмірсутек мол су.

Бұл жердің суының дәмі ащы болып келеді. "Клеопатраның ваннасы" деп аталып кеткен шипалы мекен асқазан, ревматизм, бронхит ауруларын емдеуде көп жетістікке жеткен. Ел аузындағы аңызға сенсек, осыдан бірнеше жыл бұрын бассейнге түскен адамдар 10 жасқа жасарып кеткен көрінеді.