- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемнің жеті кереметі...
Әлемнің жеті кереметі
Аты аңызға айналған әлемнің жеті кереметін көбіміз мектептен білеміз. Десе де бала күннен таныс бұл тізімді кейде айта алмай, еске түсіре алмай жатамыз. Оның үстіне, 2007 жылы әлемнің жаңа жеті кереметі жарияланып, санамызда жаңғырып келген көне ескерткіштерді мүлдем шатастыра бастадық.
Ендеше әлемнің жеті кереметін тағы бір еске түсірейік.
Хеопс пирамидасы – көне дәуірден бүгінгі күнге жеткен, жер бетіндегі ең ежелгі құрылыс. Жеті кереметтің алғашқысы. Гиза қаласы жанындағы пирамида кешендерінің бірі. Биіктігі бұрын 146 метр болатын, қазір 138 метр.
Шамамен, біздің заманымызға дейінгі 2600 жылы салынған. Бірақ мұны нақты дата деп айту қиын. Ғалымдардың пікірі әртүрлі.
Пирамадинаның есігі бар. Ғимаратқа 15 метр көтеріліп барып, есігінен кіруге болады. Құрылыстың бір жағына жасанды жол салынған. Шамамен, бұл жол 820 жылы қазылса керек.
Бабылдың аспалы бағы – әлемнің екінші кереметі. Біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда салынып біздің заманымыздың І ғасырында құрдымға кеткен ғажайып бақ. Аңызға сенсек, бұл жұмақ бақты Вавилон патшасы II Навуходоносор өмірлік жары, патшайым Амитиске деген махаббатын білдірмек ниетпен салған.
Бақтың орны қазір Бағдат қаласының маңында сақталған. Қираған бақтың бүгінгі күнге жеткен қалдықтарының өзі адам таңқаларлық. Ауданы атшаптырым, содан-ақ бұл бақтың шынайым өмірде қандай алып бау-бақша болғанын аңғаруға болады.
Зевс мүсіні. Грекияның киелі көне мекені Олимпия ғибадатханасында орналасқан. Мүсіннің биіктігі – 12 метр, тұғырымен қоса санағанда 17 метр. Қаңқасы пілдің сүйегі мен эбен ағашымен құрылып, алтынмен құйылған. Даңқты грек сәулеткері Фидияның жобасымен соғылған. Б.з.д. 432 жылы салынған, бірақ V ғасырда өртеніп кеткен.
Зевс мүсіні орналасқан Олимпия мекенінен олимпиада ойындары бастау алған.
Артемида ғимараты. Көне Эфес қаласында V ғасырда тұрғызылған ғибадатхана. Бұл қала қазіргі Түркия жерінде орналасқан. Ғимараттың басқа антикалық кереметтерден ерекшелігі – қираған бөлігі сақталып қалған, бүгінгі күнге бір бөлігі жеткен.
Көне грек сенімінде Артемида аңшылық пен молшылықтың құдайы, қамқоршы әйел болған.
Галикарнас табытханасы. Әлемнің бесінші кереметі. Карий жерін басқарған Ахеменидтер әулетінің ұрпағы Мавсол патша салдырған биік ғимарат. Бір жағы қорым, екінші жағы табынатын жер, ескерткіш болған. Мұны сәулет өнерінде зиггурат ғимараты дейді. Көне Месопотамия мен Элам жерінде салынған көп кешенді ғимарат түрі.
Бұл мавзолей жер сілкінісі кезінде қирап, қазір үйіндісі қалған. Түркияның Бодрум қаласына жақын жерде орналасқан.
Родос алабы. Жерорта теңізінің Родос аралындағы күн кұдайы – Гелиостың алып мүсіні. Небәрі 65 жыл ғана тұрған. Жер сілкінісі кезінде жермен жексен болды. Б.з.д ІІІ ғасырда салынған.
Оны Родос аралының халқы Ескендір Зұлқарнайын қолбасшысының ұлы Деметрий Зұлқарнайын бастаған әскерді кері қайтарып, жауды жеңген жеңісі үшін салған. Алып мүсінді 45 метр етіп соққан.
Александрия шамшырағы. Мысырдың Александрия қаласына жақын Фарос аралындағы шамшырақ. Әлемнің жетінші кереметі. Өкінішке орай, ол да жер сілкінісі кезінде қираған. Бір емес, бірнеше жер сілкінісін бастан кешкен.
Ғимараттың арнайы қызметі болған. Жерорта теңізінде адасқан кемешілерге жол көрсету үшін әрі теңіздің басқа аралдарымен шатастырып алмас үшін салынған.
1994 жылы француз археологтары шамшырақтың үйіндісін, аман қалған біраз бөлігін тапқан. Ал 2016 жылы Мысыр билігі бұл аумақты су асты мұражайы деп танып, қорғауға алған.
Қ. Слямбек