- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемнің ең тыныш...
Әлемнің ең тыныш нүктесі
Тып-тыныш. Ешқандай шу да, дыбыс та, сыбдыр да, ызың да жоқ. Тек сіздің деміңіз бен жүрегіңіздің қағысы ғана естіледі. Бұндай құбылысты тек АҚШ-тың Миннесота штатындағы "тыныштық орнаған" бөлмеде ғана көруге болады.
Әдетте шуды ұнатпайтын адамның өзі бұл бөлмеде отырып, тыныштықтан шаршап кететін көрінеді. Бұл бөлме 99,99 пайызға дейін дыбыстарды "тұншықтырып" тастайды. Гиннес Рекордтар кітабына енген әлемнің ең тыныш жері Орфилд Лабораториясында орналасқан. Максималды тыныштықты орнату үшін бұл бөлмені құрастыруда әйнек талшығынан жасалған, қалыңдығы бір метр болатын акустикалық платформа және таза болаттан құйылған екі қабырға мен қалыңдығы 30 см болатын бетон пайдаланылған.
Бұл лабораторияның негізін қалаушысы және президенті Стивен Орфилдтың (Steven Orfield) айтуы бойынша, айналаңыз тыныш болса, есту қабілетіңіз тыныштыққа тез бейімделеді екен. "Бөлме қаншалықты тыныш бола түссе, соғұрлым дыбыстарды ести түсесіз. Тіпті, жүрегіңізді қағысын, өкпеңіздегі дыбыстарды, асқазаныңызды шұрылдағанын ести бастайсыз. Жаңғырық сезілмейтін бұл бөлмеде өзіңіз дыбысқа айналасыз",-деп түсіндіреді лаборатория президенті.
Көптеген өндіруші компаниялар бұл бөлмеде жаңа өнімдерінің дыбыстарын тексеріп алады екен. Айталық, ұялы телефондардың дисплейлерін, автокөліктің ауытырып қосқыш тетіктерінің дыбысын тексереді. Сонымен қатар, дыбыстың сапасын анықтау үшін бұл бөлменің көмегі зор. Бірақ, тыныш бөлме адам үшін өте қауіпті. Бөлмеде біраз отырғаннан, ешқандай дыбыстың болмауы әсерінен адамның есту қабілеті ақырын шыққан дыбыстарды "естігісі" кеп тұрады. Ал адам өзін керең секілді сезініп, жүйке жүйесі әлсіреуі мүмкін.
Тыныш бөлмеде жарықты сөндіріп отырған адам тек 45 минутқа ғана шыдаған екен. Бұл – ең ұзақ көрсеткіш. Ал бөлмені ойлап табушы Стивен Орфилд небары жарты сағат отырыпты. Оның дәлелдеуі бойынша, адамды шу емес, тыныштық мазасын алады екен.
Е. Жұмабайұлы