- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемнің ең еңбекқор...
Әлемнің ең еңбекқор және жалқау қалалары
2013 жылы Жапонияның NHK ұлттық телекомпаниясының 31 жастағы репортері пәтерінде өлі күйі табылған. Артынша белгілі болғандай, Мива Садо өмірінің соңғы бір айында 159 сағаттан астам артық жұмыс істеген екен. Полиция журналист "жұмыстан әбден зорыққаннан қайтыс болды" деген шешімге келді.
Жапонияда жұмыс істеп әбден шаршағаннан, демалыстың аздығынан болатын өлім саны жылдан жылға артып келеді. Тіпті, Күншығыс елінде мұндай өлімді "кароси" деп атап кеткен. Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы Жапонияда 170 адам "жұмыстан әбден зорыққаннан көз жұмған". Жапония үкіметі "каросидің" алдын алу мақсатында айына 45 сағаттан асатын жұмысқа тыйым салды. Алайда бұл үрдіс әлі күнге азаймай келеді.
Kisi аталатын бағалы қағаздар бойынша жұмыс істейтін компанияның жүргізген зерттеуіне сәйкес, әлемде Токио тұрғындары ең көп жұмыс істейтін көрінеді. Әлемнің ең ірі 40 қаласында жүргізілген зерттеу нәтижесінде Жапония астанасы көш бастаған. Токио тұрғындары орта есеппен аптасына 42 сағат жұмыс істейді екен. Сондай-ақ олардың жұмыс уақыты 8:57-де басталады. Алайда жұмыс уақытының ұзақтығына қарамастан Жапония қалаларының өнімділігі төмен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәліметінше, Жапония жан басына шаққандағы ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) G7 мемлекеттерінің ішінде ең жоғарғы көрсеткішке ие.
Ал Мумбай әлемдегі ең еңбекқор қала атанды. Швейцарияның UBS банкінің жүргізген зерттеуінің қорытындысы бойынша, Үндістанның ең ірі қаласының тұрғындары жылына орта есеппен 3315 сағат жұмыс істейді екен. Ал ең "жалқау" қала атанған Лагоста бұл көрсеткіш 609 сағатқа тең. Дегенмен ұзақ жұмыс уақыты өнімділіктің жоғары болуына кепілдік бермейді. Мысалы, рейтингіде үштікке енген Мехико қаласының тұрғындары жылына 2622 сағат жұмыс істегенімен, қызметкерлер сағатына 18,8 доллар ғана алады екен. Ал Ирландияда 84 доллар көрсеткішке ие.