Кез келген қала портреті сәулет өнері арқылы жасалады. Аса сұрықсыз тұрғын үйлердің сәулеті әсем ғимараттардың көлеңкесінде қалып қоятыны жасырын емес. Әр қаланың өз символы саналатын ғимараты болады. Париж десек көз алдымызға Эйфель мұнарасы келсе, Лондонмен бірге Тауэрді (Лондон мұнарасын) еске аламыз. Бұлардың барлығы сәулет өнерінің танымалдылығымен байланысты. 7 қазан сайын әлем сәулетшілер күнін тойлайды. Соған орай, бүгін әлемге танымал 7 сәулетші туралы ақпарат ұсынамыз:
Заха Хадид (Zaha Hadid)
Заха Хадидтің шығармашылығын қала тұрғындары да, сыншылар да жоғары бағалайды. Оның жұмыстарын аса құптай бермейтіндердің өзі оның талантты екенін еріксіз мойындайды. Бакуде орналасқан Гейдар Алиев орталығы, Гуанчжоудаға Опера театры, Римдегі XXI ғасыр өнерінің ұлттық мұражайы – сәулетшінің ең негізгі жұмыстары. Оның іске асып үлгермеген жобаларының ішінде Нұр-Сұлтан қаласында салынуы тиіс ғимарат та бар.
Ле Корбюзье (Le Corbusier)
Ле Корбюзье – сәулет өнері туралы қалыптасқан ескі пікірлерді жоққа шығарып, өзінің жаңашылдығымен көзге түсіп, бүгінгі сәулет өнерінің негізін қалағандардың бірі. Оның жұмыстары жаңа дәуір ғимараты қандай болуы керек деген сұраққа жауап бергендей. Сырты әйнек, адамдар іштен сыртты еш қиындықсыз бақылай алатын ғимараттар – француз сәулетшісінің идеясы. Шатырдағы бақтар, ғимаратты кедір-бұдыр етіп әрлеу – Le Corbusier жұмыстарының ерекшеліктері.
Норман Фостер (Norman Foster)
Сәулет өнеріндегі хай-тек стилінің негізін қалаған Норман Фостер өзінің кумирі ретінде Мәскеудегі мұнара авторы Шуховты атаған болатын. Фостердің жобасы бойынша Лондонда Мэри Экс ғимараты, елімізде "Хан шатыр" сауда үйі орталығы, Барселонадағы Кольсерол телемұнарасы салынды. Фостер Рейхстагты қайта құруға атсалысты. Ол тарихи ерекшелікті сақтай отырып, заманауи белгілерді еңгізе білді.
Людвиг Мис ван дер Роэ (Ludwig Mies van der Rohe)
Людвиг Мис ван дер Роэ – жаңашыл сәулетші. Неміс сәулетшісі АҚШ-та ер жетіп, білім алған. Оның Нью-Йорк қаласындағы Сигрэм Билдинг жобасы әлемнің кеңсе ғимараттарының прототипіне айналды.
Жан Нувель (Jean Nouvel)
Француз сәулетшісінің әрбір жаңа жұмысы өнер саласындағы ашылу іспеттес. Бүгінде оның Барселонадағы Агбар мұнарасы, Прагада салынған Golden Angel жобалары туристердің сүйікті жерлеріне айналған.
Ренцо Пиано (Renzo Piano)
Осы уақытқа дейін көптеген жобалармен жұмыс істесе де, италиялық сәулетшінің есімі Париждегі Помпида орталығымен астасады. Хай-тек стиліндегі ғимарат қаланың көзге үйренген келбетіне үйлесе қоймай, біраз әуреге салған. Бірақ, уақыт өте заманауи Париждің бүгінгі келбеті үшін маңызды ғимараттардың біріне айналды.
Даниэль Либескинд (Daniel Libeskind)
Нью-Йорктегі "Егіз мұнаралар" орнына салынған Еркіндік мұнарасының авторы ешқашан сын мен тәжірибеден қорыққан емес. Керісінше, әрқашан өзінің жаңашылдығымен көзге түсіп отырды.