- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемдік компаниялар тарихы...
Әлемдік компаниялар тарихы
Бүгінде бизнесті шағын кәсіпкерліктен бастап, әлемдік брендке айналған компаниялар аз емес. Бір қызығы сол компаниялардың басым бөлігі алғашқыда басқа кәсіппен айналысқан. Мысалы, Нокия компаниясы ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде резеңке кебістерді өндірумен айналысыпты. Электронды құрылғылар өндірісіне тек 1970-80 жылдары келген. Жалғыз Нокиа компаниясы емес...
Электронды және тұрмыстық техникалар шығаратын LG Electronics алғашқыда тіс пастасы мен бетке арналған кремдерді саудалапты. Кореялық компания 1958 жылдан бастап электрондық құрылғылар мен тұрмыстық техникалар өндіруге көшті. Бүгінде компанияның арнайы өкілеттері 95 мемлекетте жұмыс жасайды.
Сапалы тұрмыстық техника мен аудио-видео құрылғыларды өндіруші Samsung компаниясы алғашқыда азық-түлік сататын қойма ретінде ашылған.
IKEA компаниясы – үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды өндіруден жетекші компаниялардың бірі. Жылдық ақша айналымы 30 миллиард АҚШ долларын құрайтын компания алғашқыда сіріңке және өзге де тұрмыстық заттар саудасымен айналысыпты.
BMW маркалы автокөліктерді шығарғанға дейін, компания авиациялық ұшақтардың қозғалтқышын өндірген. Автокөліктердің басым бөлігі негізінен Германияда шығарылады. Ал, Үндістан, Малайзия, АҚШ, Мысыр, Ресей мемлекеттерінде аталмыш маркадағы көліктер құрастырылады.
Әлемде ең үлкен сұранысқа ие автокөліктер тізімінде Тoyota маркасы көш бастап тұр. Жапондық үздік автоөндіруші компания 1930 жылдары тігін машиналарын құрастырып сатыпты. Компания тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін автокөлік жасап шығара бастаған. Алғаш рет коммерциялық бағыттағы жеңіл көліктерді 1947 жылы сатылымға шығарды.
Дайындаған: Әбдіманап Нұржан
Massaget