Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – барлық мемлекеттер үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Бір қызығы, қаржылық қиындықтарға байлынысты уақытша жатын орын есебінде қолданысқа берілген кейбір нысандардың кейін нағыз архитектуралық шедевр ретінде танылғандары аз емес. Бүгін біз солардың үшеуімен таныстырамыз.
Cite A Docks жатақханасы Францияның Гавр қаласында орналасқан. Оны Cattani Architects кампаниясы жергілікті университеттің тапсырысы бойынша тұрғызыпты. Бір-бірінің үстіне ретімен тізілген 100 жүк контейнері 100 студентке арналған. Ішінде жанға керектің бәрі бар. Ас бөлме, жатын бөлме және оқу бөлмесі. Дәретханасы да ішінде. Ең бастысы, Ла-Манш жағалауында орналасуы жатақхананың дәрежесін арттыра түскен. Терезені ашсаң, теңіздің лебі есіп тұрады. Мұндай артықшылық Гавр тұрғындарының бәріне бірдей бұйырмаған.
Данияның Гентофте қаласындағы Jaegersborg Water Tower жатақханасы – бұрын суайдаушы мұнара болған. Жобалаушылар нысанды бұзбай, қосымша құрылыстар жүргізу арқылы оның қызметін өзгертуге қол жеткізді. Алғашқыда ол көрме орталығы, кейін мейрамхана болды. Кейін студенттер жатақханасына айналды. Онда қырықтан астам бөлме бар. Сонымен қатар ішінде асхана, кітапхана, спорт зал орналасқан. Ең жоғарғы қабатына шықсаңыз, Гентофте қаласы алақандағыдай көрінеді.
Оңтүстік Африка республикасының Йоханнесбург қаласында 4,5 миллионға жуық халық тұрады. Оның басым бөлігі – аймақтардан білім қуып келген жастар. Сондықтан болар студенттерді баспанамен қамту – бұл ел үшін аса түйткілді мәселе. Оны шешу үшін қала басшылығы кезінде мүлде басқа мақсат үшін салынған нысандарды жолын тауып жатақханаға айналдыруда. Мысалы, Mill Junction жатақханасы бұрын астық элеваторы болған. Алдымен оның іші ондаған қабатқа бөлініп, әр қабатта бірнеше бөлме пайда болды. Содан кейін құрылысшылар элеватордың іргетасы мен қабырғасының беріктігін ескеріп, үстіне жүк контейнерлерін орналастыруды жөн деп тапты. Қазір бұл жатақханада 500-ге жуық студент тұрып жатыр. Жалғыз кемшілігі – қаланың сыртында.
Дереккөз: zhasalash.kz