Әлемдегі ең ұзын метрополитен Қытай астанасы Пекин қаласында орналасқан. 442 шақырымнан тұратын Пекин метросы сізді алып шаһардың кез келген нүктесіне жеткізе алады.
Адам саны көп, үлкен қалалардың тұрғындары үшін ең қолайлы қоғамдық көлік түрі – метро. Көптеген елдерде метро әдеттегі көлік құралына айналған. Қоғамдық транспорт ретінде жүргіншілерге айтарлықтай пайдасын тигізіп жүрген метроның орны ерекше. Оның ерекшелігі сол, қала өміріне кедергі жасамайтын, жер астымен де, жер үстімен де жүре алатын таптырмас қоғамдық транспорт. Бір бағытқа қарай 60 мың адам тасымалдап, 80 км/сағат жылдамдыққа дейін жүруге қауқары жетеді. Метро негізінен миллионнан астам халқы бар үлкен қалаларда салынады. Ең алғашқы метро 1863 жылы 10 қаңтарда Англия астанасы Лондон қаласында салынды. Оның ұзындығы 3,6 шақырым болған. Ол «Metropolitan line» деп аталды.
Қазіргі таңда әлемдегі ең ұзын метро Қытай астанасы Пекин қаласында орын тепкен. Оның ұзындығы 442 шақырымды құрайды. 1969 жылы ашылған Пекин метросында 2012 жылы жаңа бекеттер ашылып, метро ұзындығы 442 шақырымға дейін жетті. Бұған дейін бұл метрополитен ұзындығы жағынан әлемде Шанхай, Сеул, және Лондон метроларынан кейінгі төртінші орында болатын. 2004 жылдан бері жыл сайын метро бекеттерін көбейтіп, соңғы бес жылда жылына орта есеппен 60 шақырымға дейін метро ұзындығын арттырған екен. 442 шақырым болатын алып Пекин метросы 16 бағыттан және 265 бекеттен тұрады.
Барлық талапқа сай салынған Пекин метрополитенінде жолаушылар үшін бар жағдай қарастырылған. Мұнда мүгедектерге арналған арнайы лифтілер, ыңғайлы кассалар, т.б. тиімді қызметтер ұсынылған. Сонысымен Қытайдағы әрі жылдам, әрі ыңғайлы және арзан қоғамдық көлік болып саналады. Бұл алып метроны Пекин халқының 44 пайызы (туристерді қосқанда) қолданады және күніне 10 миллионға жуық жолаушы пайдаланады екен. Әлемнің ең ұзын метросын пайдалану үшін сізді ең алдымен тексеруден өткізіп, сөмкеңізде қауіпті зат алып жүрмегеніңізді қадағалайды.
Әлемдегі ұзындығы жағынан екінші метрополитен де Қытай елінде. Ол - Шанхай метрополитені. Шанхай метросының ұзындығы 434 шақырым. Бұл метроның салынғанына көп бола қоймады, сондықтан қарқынды түрде дамып келеді. Қытай елі тек метро ұзындығынан ғана емес, метроны пайдаланатын адам саны жағынан да әлемде алдыңғы қатарда.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: arrivo.ru, blogsummit.ru, venividi.ru
Ұқсас жазбалар:
Алматы күні: Метроға саяхат жасайық!
Алматыда екі метро бекеті ашылады
Метрополитен туралы не білесіз?
Фантастика: Стокгольмдегі ерекше метро