Тайланд елінің астанасы Бангкок – әлемдегі ең танымал қалалардың бірі.
Туризм мен туристердің орталығына айналған бұл қала талай қорқыныш пен сырды бүгіп те, бөгіп те жатыр. Фильмдерден «Бангкокта болған нәрсе Бангкокта қалады», «Бангкок жұтып қойды», «Бангкок тартып алды» деген сөздерді жиі еститініміз бар. Мұның өзі Бангкоктың тылсым қала екенін көрсетсе керек.
Бангкоктың ішінде бүгіп жатқан сыры бір бөлек, сыртында тұрған тағы бір сыр бар екен. Сыр қаланың атауында. Бангкок – ең ұзын астана атауы ретінде Гиннес рекорд кітабына енген қала. Шындап келгенде, Бангкок қаласының нағыз атауы – Крунг-Теп. Яғни, «Періште қаласы» дегенді білдіреді. Бұл да бергі жағы. Ал түптеп келгенде бұл қаланың тай тіліндегі атауы – Крунг Теп Маха Накорн Амон Раттанакосин Маханиндра Аюттая Махадилок Поп Нопрарат Ратчатани Буриром Удомратнивет Амонпиман Аватансатип Сапкакатия Висануккампасит. 18 сөзден тұратын атау.
Тай тілінен аударғанда «періште қаласы, ұлы қала, зүбаржат Будданың резиденциясы, асқар қала, әлемнің ұлы астанасы, көне тоғыз тастың өзі куәлік берген, патша сарайымен қоршалған айбынды, жұмақтағы сарайға ұқсас қала, Виссанукам тұрғызып, Индра көтерген, Құдайдың төріне айналған қала» деген мағынаны береді екен (құрмалас сөйлем десек болады). Мұны тай тілінде айтып көріңіз енді! Сондықтан тай елінің билігі ұзын атауды қысқартып, "Бангкок" деген қысқа атауға біріктіріп, оны брендке айналдырды.
Әлемнің «атауы ең ұзын астанасы» Бангкок болса, «әлемнің ең ұзын» мейрамханасы Ұлыбританияның Брайтон қаласында екен. Нақтырақ айтсақ, мейрамхана емес, паб. Латынның 83 қарпінен тұрады.
Ағылшын тілінен аударғанда «Брайтон қаласындағы Берти мен Белчараның сыра қайнату компаниясы «Кірпі және бөшке» сырасын осы жерде ұсынады» деген мағынаны береді.