- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемдегі ең үлкен...
Әлемдегі ең үлкен қызғылт сары гауһартас $31,5 млн сатылды
Әлемдегі ең үлкен қызғылт сары гауһартас (бриллиант) Швейцарияның Женева қаласында өткен Christie`s аукционында 29 миллион швейцар франкіне (31,5 миллион АҚШ доллары) сатылып кетті.
Аукцион басталмастан бұрын мамандар бағалы тасты 16-19 миллион швейцар франкі (17,5-20 миллион доллар) төңірегіндегі бағаға сатылады деп топшылаған болатын. Сонымен гауһартас ұйымдастырушыларға берілетін ақыны қоса есептегенде 35 миллион долларға сатылып отыр.
14,82 карат (2,964 грамм) тартатын оның пішіні бадам жаңғағына келеді. Гауһартастың аталған түр бойынша «әлемдегі ең үлкені» екендігін растайтын АҚШ-тың Геммологиялық институты (GIA) берген арнайы куәлігі де бар.
Сарапшылардың айтуынша, «отты алмаз» табиғи жағдайда өте сирек кездеседі. Сондықтан ғалымдар арасында осындай тастардың қалай пайда болғандығы жөнінде әлі күнге дейін қызу таластар жүруде.
Әдетте қаныққан қызғылт сары түсті тастардың салмағы өңдеуден өткеннен кейін үш караттан әрі аспайды. Ал осыған дейін сатылымға түскен ең үлкен қызғылт түсті бағалы тастың салмағы алты караттар сәл ғана жеңіл болатын.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: ria.ru
Б. Қосмағамбет