Естімеген елде көп. Біз білмейтін қаншама құпиялар мен тылсымдар бар. Одан бөлек небір өнерлі жандар жетерлік. Олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Біз сөз еткелі отырған адамды әлемдегі ең сабырлы адам деп айтсақ болады. Ол кім?!
Брайан Берг – әлемдегі ең сабырлы адам. Ол қарапайым ойын картасынан әр түрлі туындылар жасап, оны қайта бұзады. Шеберлік деп осыны айтыңыз. 1993 жылы 17 жастағы бозбала әлем назарын өзіне аударды. Ол ойын картасынан ең биік үй құрастырып, Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздейді. Оның құрастырған үйі 4 метр 30 сантиметрді құрады.
2004 жылы ол әлемді тағы бір мәрте таңғалдырды. Бұл жолы Берг ойын картасынан Дисней мультфильміндегі Күлше қыздың қамалын құрастырды.
Ал, 2010 жылы ол тағы да рекордтар кітабына енді. Бұл жолы ол қонақүй кешені секілді салынған қытай казиносын тұрғызды. Шебер осынау жұмыс үшін 45 күн уақытын жұмсады. Көлемді әрі қиын жұмысқа 218 800 ойын картасы кетті.
Картадан небір биік ғимараттарды құрастыру көзге оңай боп көрінгенімен, бұл үлкен шеберлік пен ептілікті, асқан сабырлықты қажет етеді. Брайанның ойлары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол бірнеше мәрте әлемді таңғалдыруды ойлайды екен. Кім біледі, бәлкім шынымен мүлде басқа нәрсеге бас қатырып жатқан шығар.