Өткен жолы Қытай астанасы Пекинде орын тепкен әлемдегі ең ұзын метро туралы жазған болатынбыз. Ал әлемнің ең қысқа метрополитені қайда екенін білесіз бе? Бұл атақтан бірнеше қаланың метролары үмітті. Мысалы, Екатеринбург метросы (9 шақырым, 7 бекет), Днепропетровск метросы (7,8 шақырым, 6 бекет), Қазан метросы (6,8 шақырым, 5 бекет) және өзіміздің Алматы қаласының метросы (7,6 шақырым, 7 бекет).
Бірақ әлемдегі ең қысқа метрополитен атағы Израильдің Хайфа қаласындағы «Кармелит» метросына тиесілі екен. 1956 жылы салынған бұл метро Израиль еліндегі жалғыз метрополитен. Оның ұзындығы небәрі 1,8 шақырым және 6 бекеттен тұрады. Бірінші бекеттен соңғы бекетке дейінгі жүру уақыты – 6 минут. 400 адамға арналған екі пойыз жұмыс істейді.
«Кармелит» метросының ең басты ерекшелігі, бұл қоғамдық көлік жер астымен адамдарды қаланың төменгі бөлігінен жоғарғы бөлігіне тасымалдайды. Яғни, метро горизонтальді емес, вертикальді бағытта жүреді. Метро электр қуатымен емес, арнайы сым арқандар арқылы қозғалады. Адамдар арасында «бұл метрополитенді метро деп санаймыз ба, әлде жоқ па?» деген сұрақтар қойылып, көптеген талас-тартыстар болған. Дегенмен, «Кармелит» Гиннесс рекордтар кітабына «Әлемдегі ең қысқа жерасты көлігі» деген атпен енген.
Алайда осыдан 58 жыл бұрын француздар салған метроны қолданушылар саны қазір өте аз. Уақытысында үлкен үмітпен салынған, қаланың жоғарғы бөлігі мен төменгі бөлігін жалғап тұрған маңызды қоғамдық көлік бүгінде жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Алғаш салынған жылдары метроны күніне 15 мың жолаушы пайдаланса, қазір күніне 1,5 мың жолаушы ғана қолданады. Метроны пайдаланушылардың көбі әлемдегі ең қысқа метроны көру үшін келетін туристер екен.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: samogo.net, yaplakal.com
Ұқсас жазбалар:
Алматы күні: Метроға саяхат жасайық!
Алматыда екі метро бекеті ашылады
Метрополитен туралы не білесіз?
Фантастика: Стокгольмдегі ерекше метро