Әлемдегі ең қымбат заттар

Өздеріңіз үшін дайындаған мақаламызды оқи отырып, салтанат пен байлықтың мұхитына терең сүңгіп кететіндігіңізге кепілдік береміз. Ендеше, ең қымбат заттардың әлемінде жақсылап жүзіп шығуыңызға тілектеспіз. Кім білсін, күндердің күнінде бірінің қожайыны атанып қаларсыз...

Әлемдегі ең қымбат автокөлік Bugatti Type 57SC Atlantic деп аталады. Қолда бар деректер көлік үшін 40 миллион доллар төленгендігін айтады. Бұл - өте сирек кездесетін автокөлік және сонысымен де қымбат. Әлемде оның екі ғана нұсқасы бар. Бірі - Р.Лорен атты америкалық дизайнердің иелігінде болса, екіншісі Mullina мұражайының экспонатына айналып үлгерді.

Eclipse аталатын әлемдегі ең қымбат яхтаның құны - 475000000$ тұрады. Бүгінде оның қожайыны - ақсүйек Роман Абрамович. Яхтаның ұзындығы - 170 метрді көрсетсе, салмағы - 12 тоннаға жетеді. Оның қозғалтқышының қуаты - 20 000 атқа пара-пар. Яхта тікұшаққа арналған екі алаңмен, екі бассейнмен және кітапхана, сауна, тренажер залы, шарап жерқоймасы, диско-клубпен, кионтеатрмен, үш асханамен, шағын клиникамен жабдықталған. 

Ең қымбат велосипедтің бағасы - 102 418 доллар. Велосипед толықтай қолдан жасалған және ең басты материал ретінде жоғары сынамалы (24 карат) алтын мен 600 кристалл қолданылған. Таңғажайып туынды Aurumania компаниясынан шыққан.

555 000$ тұратын әлемнің ең қымбат мотоциклы - Dodge Tomahawk V10 атауын иемденген. Tomahawk-тың төрт дөңгелегі болғанымен мотоцикл болып саналады. Дөңгелектері 680 келі салмақты игеру үшін өте қажет. Әлемдегі ең жылдам мотоцикл лауазымын иемденген де осы мотоцикл екендігін айта кеткеніміз жөн болар.

Әлемдегі ең қымбат көйлек - малайзиялық Файзоль Абдулланың туындысы. Көйлектің құрамында Mouawad зергерлік компаниясы ұсынған 751 дана гауһар бар. Nightingale of Kuala Lumpur аталатын көйлектің бағасы 30 млн. долларды құрайды.

Әлемнің ең қымбат той көйлегін Diamond Wedding Gown дизайнерлік компаниясы ұсынып отыр. Көйлектің негізгі авторы - Рене Штраусс. Өнер туындысының құны 12 млн. долларды көрсетіп отыр. Көйлекті безендіруге 150 карат гауһар жұмсалған.

 

Бұл тізімнен ер азаматтарымыз да тыс қалмайды. Ең қымбат ерлер киімін Стюарт Хьюз бен Ричард Джюелс жасап шығарды. Құны - 943000$. Негізгі материал ретінде жүн мен кашемир, жібек қоспалары, ал безендіруге 480 гауһар пайдаланылған. Киімді толықтай бітіруге 600 сағат уақыт жұмсалған екен.

 

Әлемдегі ең қымбат әйелдер аяқ киімі - белгілі дизайнер Рональд Уинстонның төл туындысы. Ол өзінің екі ай уақытын осы туфлиді жасауға арнаған екен. Қызыл түсті аяқ киім 4600 лағыл мен 50 карат гауһармен безендірілген. Туфли "Оз елінің сиқыршысы" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Джуди Гэрланд ханымның аяғына лайықталып жасалған болатын. Бағасы - 3 000 000$.

Танымал итальяндық аяқ киім бренді Тestoni ерлерге арналған ең қымбат аяқ киімді көрсетілімге шығарды. Құны - 38 000$. Туфли зығыр жібінен тігіліп, алмастармен безендірілген, ал ұлтаншасы ешкі жүнінен жасалған екен.

 

Mouawad зергерлік үйінің иелегіндегі мына бір ең қымбат сөмкенің бағасы - 3,8 млн. доллар. Сөмке Гиннестің рекордтар кітабына енген.

 

 

 

Сһopard  швейцариялық фирмасының гауһар себілген сағаттары - ең қымбат сағаттардың көшін бастап тұр. Алдыңыздағы сағаттың ең басты тастары жүрек пішіндес және түстері ақ, қызыл, көгілдір болып келеді. Әдемі сағат бір қарағанда қарапайым жүзікке ұқсайды.

 

 

 

 

Артымызда қол бұлғап қалған Жаңа Жылдың ең көңілді нышандарының бірі - шырша ойыншықтары. Сіз ең қымбат ойыншық қанша тұруы мүмкін деп ойлайсыз? Марк Хасси есімді зергер біздің сауалымызға нақты жауап береді. 18 карат ақ алтын мен бір жарым мың гауһармен безендірілген ойыншықтың бағасы - 82, 000 фунт стерлинг.

Кейбіріңіз осы бір қымбат заттарды сатып алған адамдарды есінен адасқандар деуіңіз мүмкін. Десе де, бұлардың жай ғана зат емес, тарихтың, мәдениеттің бір бөлшегі және талантты адамдардың бүкіл жан-тәнін салып жасаған қайталанбас өнер туындылары екендігін естен шығармаған жөн.

Суреттер: lifeglobe.net,goldengod.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева