Байланыс құралдарының жаңаруына байланысты британиялық қызыл түсті телефон үйшіктері қазіргі кезде ескіріп, өзінің әйгілілігін жоғалтып жатыр. XXI ғасыр технология заманы болғандықтан, олар барлық талап бойынша артта қалып келеді.
Алайда, бұл дегеніңіз үйшіктерді ысырып, лақтырып тастау деген сөз емес. British Telecom байланыс операторы мүлкіндегі барлық телефон үйшігін иемденем деушілерге ашық сауда жариялаған. Сатып алған қарапайым жұртшылық оларды қойма, душ, өнер инсталляциясы ретінде пайдаланады. Британия елінің Уэстбери-саб-Мэндип деп аталатын кішкентай ғана қаласында жылына 365 күн, күніне 24 сағат бойы жұмыс істейтін әлемдегі ең кішкентай кітапхана бар.
Кітапхана ашық аспан астында орналасқан. Жергілікті тұрғындар үйшікке арнайы кітап сөрелерін қойып, әртүрлі тақырыптағы қызықты кітаптарын жайғастырған. Кітапхана каталогінде аспаздық, классика, бестселлер секілді тақырыптарға байланысты 100-ден аса кітап бар. Кітапты түн мезгілінде оқығысы келетіндер үшін кітапхананы жан-жағынан жарықтандырған екен.
Кітапхананың ерекшелігі сол сіз бұл жерден кітапханашыны таппайсыз. Адамдар мұнда іздеген кітабын алып, оқып болғаннан кейін қайтадан қайтарады. Сүйікті шығармасымен бөліскісі келгендерге жол ашық. Кез келген сәтте келіп, тастап кете алады.