"Әлемдегі ең керемет әке"

Шақалақтың қарнының тоқ болуы, киімдерінің таза әрі бүтін болуы, уақытылы ұйықтауы, бесік жырын айту, баланы серуенге шығару, ойын ойнату, ертегі оқу – бәрі де ананың мойнында. Бұл қарапайым әрі үйреншікті жағдай. Тіпті, табиғат заңдылығы десек те болады. Бәрі керісінше болса ше? Дәл осы қызметтерді - әкелердің мойнына жүктесек қалай болмақ? Елестету қиын ба? Ендеше назарларыңызға фотограф Дэйв Инглдоудың «Әлемдегі ең керемет әке» атты күлкілі суреттер топтамасын ұсынбақпыз.

Жобаның басты кейіпкерлері - әке мен Элис атты қыз.

Дэйв өзі түсірген суреттерді ең алдымен Facebook-тағы жеке парақшасына салған екен. Кейіннен, жоба көпшілік көңілінен шығып, жоғары танымалдыққа ие болады да, суретшіге өз туындыларын қайта жаңартуына тура келеді.

Элис  -  Дэйвтің туған қызы. Дэйв тілішлерге берген сұхбатында алғашында фотокамераны қызының өсуін түсіріп жүру үшін алғандығын айтты. Нәтижесінде, қызына деген махаббат – оның бойындағы фотосуретшілік қабілетін ашып, әке мен бала өмірі туралы көңілді суреттер  - күллі жұртшылықты дүрліктірген ерекше жаңалыққа айналды.

Дэйв түсірген суреттерде үйде қызымен жалғыз қалған әкенің әбігерге түсуі баяндалады. Бала күтуші рөлін дұрыс ойнауға талпынған әке әйелі тапсырған тапсырмаларды шатастырып алады.

Осындайда есімізге бір қалжың әңгіме түседі: «Қымбаттым, мен бәрін де сен айтқандай жасадым. Балаларды пісірдім, борщты жудым, төсектерді тамақтандырдым»...


Дәл осы әзіл әңгімедегідей, кішкентай Элис сорпамен бірге кәстрөлдің, кір жуғыш машинаның ішінде қалып қояды.

Әкесі Элиске сүт құйылған бөтелкенің орнына үлкен тауық етіп беріп қояды. Осыдан кейін әкесі пысық сәбидің өзіне аса қымбат көзілдірігін, ұялы телефонын, теледидар пультін жуып тастағанын көреді.

Дэйв өзінің сүйікті қызының суретке түсіру барысында ешқандай қиындықтар тудырмағанын, керісінше нағыз фотомодель ретінде ұстағандығын айтып мақтанады.

World’s Best Father жобасы Элистің осындай қасиетінің арқасында ғана көпшілік қауымның көңілінен елеулі орын алды.

Дэйв Инглдоу көпшілік сұранысы бойынша, жобаның екінші бөлімін көп ұзамай жарыққа шығаруға уәде берді.

Суреттер:d-jennifer.livejournal,kulturologia.ru,newsfiber.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева