Жер бетінде қанша арал бар екені белгісіз. Ішінде үлкені де, кішкентайы да, жасы да, кәрісі де бар. Мыңдаған аралдың ішінде мына 7 арал ең ерекшесі. Неге? Оны алда білетін боласыздар.
Каффеклуббен — Солтүстік Полюске ең жақын орналасқан арал
Ұзақ уақыт Гренландия Солтүстік Полюске жақын орналасқан арал саналып келген. Алайда зерттеуші Роберт Пири бұл түсініктің қате екенін анықтады. Ол 1900 жылы кішкентай ғана аралды тапқан. Араға 21 салып аралға алғаш аяқ басқан Лауге Кох оны Копенгагендегі мейрамханасының құрметіне атап, оны Солтүстік Полюске ең жақын орналасқан арал екенін мәлімдеді.
Буве — әлемдегі ең оқшау және салқын арал
Африкадан да, Антарктидан да 2200 шақырым қашықтықта орналасқан Буве аралы әлемдегі ең салқын жер. Оның үстіне оқшау жатыр. Аралдың беткі қабатының 90% мұз тоңы басқан. Бұл жерде адам баласының тұрмауына бар жағдай жасалған. Суық ауа-райы, арасында соғып тұратын қуатты дауылдар, 6 қабатты үйдің биіктігімен бірдей толқын аралдың бетін жайпап өтеді.
Пойнт — ішінде аралы бар аралда орналасқан арал
Түсініксіз бе? Филиппин елінің ең ірі аралы Лусонның ортасында жақын уақытқа дейін мұхиттың бөлігі болған көл бар. Осы бір көлдің қақ ортасында Волкано аталып кеткен арал орналасқан. Қызық енді басталады. Жанартауға ұқсайтын аралдың Пойнт атты өз аралы бар.
Суртсей — әлемдегі ең жас арал
Исландия жағалауындағы Норвегия теңізінде 1963 жылы су астындағы жанартау атқылаған. Күшінің қуатты болғаны соншалықты су бетіне шыққан лава қатып, кішігірім аралдың пайда болуына себеп болды. Осылайша күнтізбенің 14 қарашасы әлемдегі ең жас аралдың туған күні саналады.
Аралға бар болғаны 56 жыл болса да қазір ол жерді түрлі өсімдіктер мен құстар мекен етеді. Бүгінгі таңда Суртсей ауданы – 2,5 шаршы шақырым. Арал Норвегия мифологиясындағы отты алып Суртаның құрметіне аталған.
Халықаралық ұйымның бастамасымен адам аяғы баспау үшін аралға баруға тыйым салды. Дегенмен жас аралға қызығушылық танытып баратын туристердің саны жыл сайын артып келеді.
Мадагаскар — әлемдегі ең кәрі арал
Егер Суртсей ең жас арал саналса, Мадагаскар керісінше - ең кәрісі. Африка құрлығының оңтүстік-шығысында орналасқан арал осыдан шамамен 160 миллион жыл бұрын пайда болған. Мадагаскар динозаврлардың өмірге келуін, дамуын және Жер бетінен жоюлуына дейін көрген.
Миллиондаған жыл бойы Африка құрлығынан бөлек орналасқандықтан Мадагаскардың экожүйесінде өзгешіліктер бар. Бұл аралда әлемнің өзге аймағында жоқ өсімдіктер мен жануарларлар өмір сүреді.
Бишоп-Рок — әлемдегі ең кішкентай арал
Жердегі ең кішкентай әрі адам тұратын арал — Бишоп-Рок. Англияның жағалауында орналасқан аралдың жер ауданы бар болғаны 0,0006 шаршы шақырымды құрайды. Ал оның бетінде 1858 жылы шамшырақ салынған.
Гренландия — әлемдегі ең үлкен арал
Географиялық территориясына орай Гренландия Солтүстік Америкаға кіреді. Арал Данияның өзін-өзі басқаратын провинциясы саналады. Жер ауданы бойынша Даниядан 50 есе үлкен болса да, арал халқы кіші қаланың тұрғындарынан аспайды. Гренландияның басым бөлігі мұзбен қапталған. Кейбір жерлердегі мұз қалыңдығы 3 шақырымға дейін жетеді.
Эскимостар - Гренландияға аяқ басқан алғашқы адамдар. Шамамен 985 жылы алып аралға Норвегия мен Исландиядан викингтер келеді. Олар жаңа жердің мұзға оранып жатқанын көрсе де, оны "Жасыл жер" (Greenland) деп атайды. Викингтер Гренландияның атына мән беріп, келушілердің саны өсуі үшін осылай атайды.