Аталған мерекеге орай латвиялықтар ботқа пісіріп жарысты. Кейбіреулері ас жеуден мықтыны анықтады. Бұл мерекені алғашқы болып сұлы жармасының ботқасын жақсы көретін ағылшындар тойлаған деген болжам бар. Уақыт өте дәстүр жер-жерге тарап, латыштарға да жеткен. Олар мерекені биыл жетінші рет атап өтіп отыр. Мақсат – пайдалы, дәмді және дәстүрлі тағамды дәріптеу.
Латвия этнографиялық мұражайының өкілі Игорь Зиемелис "Ботқа бәленбай ғасырдан бері латыш халқының басты тағамы болып келеді. Латыштар сорпа немесе кәуап пісірмеген. Яғни ботқа негізгі тамақ болған" дейді.
Латвияда негізінен мусс тәрізді ұнтақ жармасы, шайқалған ақуыз және қатыққа араластырылған арпа жармасынан қышқыл ботқа пісіреді. Мұндай тағамды әзірлеудің әр аумақта дәстүрі мен өзіндік ерекшеліктері бар. Латвияның батысындағы Курземе аумағының төңірегіндегі балықшылар мекенінде тұратын Дженета Маринска ата-бабалары – ливтерден келе жатқан ботқаның рецептін мақтан тұтады.
Дженета Маринска: - Ботқа «букстиньбиезпутра» деп аталады. Мағынасы аударылмайды. Ботқа арпа жармасынан, картоп, су мен сүттен пісіріледі, үстіне жуа мен ет қосылып, тұздалады. Курземе – дәстүрлі тағам, бірақ қазір біз бұл ботқаны үйде сирек пісіреміз. Ботқаны отқа пісірсе өте дәмді болады.
Латвияда ботқаны тәтті және балық, ет, жұмыртқа, саңырауқұлақ секілді тойымды қоспаларды араластырып, түрлі жармадан пісіреді. Әсіресе ботқаны күзде көкөніс, мысалы асқабақ піскен кезде даярлаған жақсы. Асқабақ ботқаның түсін өзгертіп, дәмін келтіреді.
Роланд Зуевич, аспаз: - Асқабақ езбесін пісіреміз, оған сүт қосып қайнатамыз,содан барып ұнтақ жармасын қосамыз, тұздаймыз немесе қант қосамыз. Ботқа дайын. Ең бастысы тамақ күйіп кетпеу үшін жиі араластырып тұру қажет.
Алма, апельсин және даршын қосылған ботқа балалармен қатар ересектерге д ұнауға тиісті. Бас аспаздың айтуынша, дәмді ботқаның басты құпиясы ынта-ықыласын салып пісіруде.
Дереккөз: 24.kz