Жер шарындағы әр түрлі елдердің үйлену салттары жайлы әңгімемізді жалғастырамыз.
Албанияда келіншек тойдан кейін үш күн бойы толықтай тазалық (тән мен жан тазалығын) ұстап жүруі керек. Теріс күштер оның адал ниетін осыдан байқайтын болған.
Армиян халқының қонақжайлығы соншалықты, тойдың дүбірлеген дауысын естіп келген кез келген адамды тойдың төріне отырғызады екен.
Үйленуді жоспарлап жүрген американдық жас үндістер қызға құда түсу үшін елеулі ерлік жасап, ата-анасын таңдандырады, егер жасаған іс-әрекеттері қыздың туыстарына ұнамаса, қызды да әйелдікке ала алмайды. Сондықтан, үндіс халқы өз ұлдарын батыр, ержүрек етіп тәрбиелеп шығаруға тырысады.
Аустралиялық тайпа өкілдері той алдында қалыңдықтарын қуады. Қалай дейсіз бе? Олар өмір сүретін орта – нулы орман. Қыз сол орман арасында тығылып жүріп қашады да, жігіт оны іздеп тауып алып, тойға көтеріп алып келеді.
Болгарияда үйлену туралы ұсыныс жасау үшін көп сөз шығындап жатудың еш қажеті жоқ. Бар-жоғы қызды алмамен ұру жетіп жатыр. Яғни, қызға алма лақтыру "әйелім болшы" деген ұғымды біліреді.
Германияда қызды әкетуге келген құдалар, есіктің аузына келгенде ыдыс сындыратын болған. Олардың сенімі бойынша, сынған ыдыс – жаңа шаңыраққа сәттілік алып келеді. Той біткен соң, жас жұбайлардың қолына бөрене мен ара беріледі. Екеуі бірлесіп бөренені арамен кесулері қажет, бұл – бірлескен жаңа отбасының құрылғанын нышандайды.
Шотландияда неке қию рәсімінен кейін күйеу жігіт қалыңдықтың иығына торлы орамал жабады да, түрлі күміс бұйымдар қадалған түйреуіштерді қадайды. Орамалдың түсі – күйеу жігіттің жаңа өмірінің түсін білдіреді. Яғни неғұрлым жарқын болған сайын, жаңа шаңырақ бақытты болады деген сөз.
Англияда қалыңдық өзінің шыдамдылығын көрсету үшін өте ауыр болып келетін шіркеу сандығының қақпағын көтеруі керек.
Гректік үйлену тойлары өзінің «ақша» атты билерімен танымал. Той үстінде қалыңдық пен күйеу жігіт ортаға шығып билейді. Ал келген қонақтар оларға ақша қыстырады. Қай жақтың құдалары көп ақша салса, мәртебесі де соғұрлым жоғары болмақ.
Шешендік келіншектер той кезінде бір бұрышта бетін жасырған күйі отырады. Келген қонақтар келіншектен бір шыны су сұрап, ақысына көлемді ақша береді екен.
Африка халықтарының қыздары тұрмысқа шықпас бұрын әбден семірулері керек. Ол үшін қыздың туыстары бір ай бойы қызды бір үйшікке қамап, алуан түрлі тағамдар алып келіп береді.
Үндістан халқының жігіттері ағашқа да үйлене береді екен. Қалай дейсіз бе? Өте қарапайым. Қазақ халқындағы ежелден келе жатқан дәстүр секілді, оларда да кіші ұл үлкенінен бұрын үйлене алмайды. Ал кішіге жол беру үшін үлкендері ағашқа үйленеді. Той біткен соң, ағашты кесіп тастайды. Бұл келіншектің өлді дегенін білдіреді.
Жалғасы бар...
Суреттер:katerinaktokuda.livejournal.com,doseng.org,diana-indigo.livejournal.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева