«Той десе, қу бас домалайды» дегендей, тойға шақыру алған сәттен-ақ, «Сыйға не тартуға болады?!» деген сұрақ туындайды. Сый тарту - кез келген салтанаттың ерекше бөлімі. Кез келген жанның өміріндегі ең басты шара - үйлену тойына сый беру рәсімі барлық елдерде бар. Алайда, «Әр елдің салты басқа» дегендей, әр ұлттың неке қию салтанатында сый жасау үрдісі әрқилы.
Жапон халқы үйлену тойына алты ай бұрын дайындалады. Екі жақтың ата-анасы және бауырларымен қатар, алыс-жақын туған-туыстары шақырылады. Той жасау біраз шығынды талап еткендіктен, жапондықтар жас жұбайларға ақша салынған конверт сыйлайды. Алайда, сыйдың көлемі емес, оны қалай тартылғаны аса маңыздырақ. Сый берген қонаққа жас жұбайлар тұрмысқа қажетті бұйымдарды тартады. Бірнеше ақша қағаздарын жинақтап, қонақтар желпеуіш (веер) жасайды. Содан кейін желпеуішті алып, жас жұбайлардың үстін қағады. Осылайша, олар жаңа отбасына байлық пен береке самалын желдетеді.
Польша елінде де үйлену тойына ақша тарту әдетке айналған. Поляк халқы ақшаларды қалыңдық жаулығына тастайды.
Тәтті тоқаштары мен бәліштері арқылы кеңінен танымал Франция елі неке қию салтанатында миндаль кәмпиттері мен нан-тоқаштарын сыйға тартады. Бұл дәстүр XVI ғасырда бастау алған. Француздықтардың нанымы бойынша, әдемі қорапқа салынған тағамдар жас жұбайларға балдай тәтті өмір мен құт-береке әкеледі.
Қытай халқының ерекше құрметтейтін түсі – қызыл. Қызыл түс – ырыс пен бақтың нышаны. Сондықтан да, қытай халқы кез келген сыйды қызыл түсті қорап пен қағазға орайды. Әдетте, үйлену тойына олар байлық, бақыт, ұзақ ғұмыр, шаттық сияқты тәңірлердің мүсіндерін сыйлайды.
Танзания елінде үйлену тойында басты сыйлықтың бірі - күйеу жігіттің қалыңдыққа тартқан сыйы болып табылады. Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, үйлену тойының алдында күйеу жігіт аңшылыққа шығып, арыстанды өлтіру керек. Өлген жануарлардың терісін тойда қалыңдыққа сыйлауы тиіс. Аң терісін жас жұбайлар жамылуы керек. Қазіргі таңда, күйеу жігіттер аңшылыққа шықпайды. Дүкендерден дайын аң терісін сатып ала салады.
Малайзия елінде жас жұбайларға піскен жұмыртқа сыйлау дәстүрі бар. Наным бойынша, жұмыртқа жаңа шаңыраққа байлық пен бақ әкеледі. Сондай-ақ, үйлену тойы кезінде жас жұбайлар бір-бірлеріне гүлдермен безендірілген жеміс-жидектерге толы шара сыйлайды.
Грузия елінде үйлену тойына «чирагдани» деп аталатын ағаштан жасалған әшекей бұйымдарды сыйлайды. Бұл «байлық пен өмірдің ағашы» болып саналады. Чирагдани жас жұбайлар ғұмырлы, ұрпағы көп болсын деген ниетпен тартылады.
Вьетнам халқы жас жұбайларға қарбыз дәнін сыйға тартады. Бұл ұрпақ санының көбеюіне оң әсерін тигізеді деген сенім бар.
Папуастардың пайымдауынша, үйлену тойына шошқа, құс терілері мен теңіз ұлу қабыршақтарын сыйлау керек. Шошқа Жаңа Гвинея елінде киелі жануар болып саналады. Ал оның терісін сыйға алу үлкен мәртебе. Шошқа терісі байлық әкеліп, ұрпақ санының артуына оң ықпал етеді деген наным бар.
Түркияда неке қию салтанатында туған-туысқандар алтын әшекей-бұйымдарды сыйға тартса, көршілері, достары, әріптестері ақша сыйлайды.
Ал сіздің аймақта үйлену тойына не сыйлайды?
Суреттер: f-journal.ru, mail.ru