Ақылды адамдар жасайтын ақымақ әрекеттер

Ақылды адамдар қателеспейді деп кім айтты? Олар да ақымақтыққа барып жатады, алайда мұны олар дер кезінде түсінбей, кейін содан опық жейді екен. Өмір жолында олар бірнеше рет ақылсыз әрекеттер жасайды және бұл олардың қаншалықты білімді екеніне байланысты емес.

«Sawhorse» технологиялық компаниясының құрылтайшысы Ли Сэмел (LeeSemel) ақылды адамдар жасайтын ақылсыз әрекеттердің тізімін ұсынды.

Дизайн мен стильдің маңыздылығын елемеу

iPod шыққанда, техника мамандары оның функцияларының аздығын және бағасы тым жоғары екенін айтты. Дегенмен, қолданушылар жаңа өнімнің қолдануға ыңғайлылығын алға тартып, сатып алуға кезекке тұрды.

«Тізесі шыққан» құралдарды пайдаланатынын айтып, мақтану

Бұл көбіне программистердің арасында жиі кездеседі. Олар сонау 1970-жылдардан бері жаңармаған және дизайны тым қарапайым программалау тілдері мен мәтін редакторларын пайдаланатынын айтып, мақтанады. Олар супер-күрделі командалар мен процесстер – бұл мақтануға тұрарлық зат деп ойлайды. Ал негізінде бұл уақытты құр жұмсау. Бос талқылау мен дау тудырмас үшін нақты бір программалау тілі мен құралдарды атамай-ақ қояйын.

Ізбасарлар мен көшірушілер

Көптеген ақылды адамдар қалыптасқан жолмен жүруді дұрыс көреді, ал негізінде өздері ерекше жаңа бірдеңе ойлап таба алар еді. Бәлкім, бұл олардың қалыптасқан ортада академиялық табысқа жетемін деп көп уақыты мен күшін жұмсағаннан болар. Алдыңғы қатарлы оқу орындарынан түлеп ұшқан үздік түлектер оқу-жаттығу кезінде табысқа жеткен салаға баруға асығады, өйткені олар өзгелердің сенімінен шыққысы келеді, ал өздерінің қалауларына назар аудармайды.

Әлеуметпен қарым-қатынас орната алмайды

Айта кетейін, ақылды адамдар өз қызығушылықтарының тар ортасында өмір сүреді және ең маңызды істер басқалармен қарым-қатынас жасаудан туындайтынын біле бермейді. Олар ешқашан өзге адамдармен қарым-қатынас орнату дағдысын жақсартқысы келмейді, өзін сата алмайды және олардың ортасында табысты болып, озып шыққандарды сынайды.

Өзінікі ғана дұрыс деп санайды

Көптеген ақылды адамдар дұрыстық – бұл олардың қолындағы басты көзір деп ойлайды, және егер біреу оның қателескенін айтса, оларға басқаша көзқараспен қарай бастайды. Сонымен қатар, олар өзгелердің пікірін түрлі дәлелдер айту арқылы өзгертемін деп сенеді. Ал шын мәнінде шешім қабылдар кезде көптеген адамдар өзін түрліше ұстайды.

Олар өздеріне тым сенімді

Ақылды адамдардың кейбірі өз саласының мықты маманы бола тұра, басқа саланы да жетік білетініне сенімді болады. Алайда бұл қате пікір. Мысалы, дәрігерлердің ішінде мықты инвесторлар аз.

Күш пен тәжірибені бағаламаушылық

Ақылды адамдар жетістікке жеңіл әрі көп күш салмай жетеді. Олар жақсы нәтиже үшін мадақ естіп үйреніп қалған, сол себепті жақсы нәтиже көрсете алмайтын заттардан қашқақтап жүреді. Нәтижесінде, қолыңнан келмей жатса, бұл «сенікі емес» дейді де, тастай салады. Уақыт өте келе мұндай адамдар өз әріптестерінен қалып жатады, өйткені табиғи дарынын дамытпайды және жаңа дүниені үйренбейді.

Жоғары бәсекелестік

Нарықтың әр саласында жоғары мадақтарға лайық көптеген ақылды адамдар бар. Алайда солардың бірегейі ғана ең жоғарғы дәрежеге жетеді: ең үздік төрағалар тізіміне кіреді немесе гуманитарлық ғылымдардың профессоры атанады. Нәтижесінде бір-бірімен бәсекелесемін деп, бәлкім оларды басқа қырынан танытатын басқа салаларды елемейді. Оларға шеңберден шығып, икемделу қиын.

Өз жетістіктерін өзгелердің жетістіктерімен салыстыру

Ақылды адамдар өз жетістіктерін әріптестерінің, достарының немесе сол саладағы өзге адамдардың, өзінің қатарластарының жетістіктерімен салыстыруға бейім. Және осы салыстыру мен өзгелердің көшінен қалмау қитұрқы әрекеттерге жетелейді. Мысалы, «20 жасымда жетістікке жетпесем, жалпы өмірде табысты бола алам ба?» немесе «30 жасымда, 40 жасымда миллионер болмасам, бейбақ біреу шығармын» деген сияқты сұрақтармен өз-өзін жәбірлей бастайды.

Ақпараттың құндылығын асқақтату

Ақылды адамдар көп оқиды және кез келген сұраққа байланысты ақпаратты тез меңгереді. Олар өздеріне қызық кез келген ақпаратты оқи береді. Әрине, құнды және пайдалы ақпараттар көп, дегенмен, желідегі ұзын-сонар мақалаларды оқи беру көп уақыт алады. Бұл ешқандай пайда әкелмейтін жай ғана ақпараттар жиынына айналады.

Элитарлық

Ақылды адамдар білім мен тапқырлық адамның басты құндылығы деп санайды. Нәтижесінде, олар өздерінен ерекшеленетін адамдарды түсінбейді. Мысалы, Йель университетінің профессоры құбыр жөндеушімен не туралы әңгімелесетінін білмеген.

Бұл тізімге тағы қандай әрекеттерді қоса аласыз?

Дереккөз: bilim-all.kz