«Судың да сұрауы бар» дейміз, «Суды үнемде – жақсылық жасадым де» деп ұрандап жүреміз. Ал өзіміз қандай жақсылық жасап жүрміз? Өзеннен иінағашпен, бертін келе құдықтан шелекпен су таситын күндеріміз ұмытыла бастады. Құбырмен келіп тұрған судың да, расымен, сұрауы болатынын ұмытқан жоқпыз ба?
Суды үнемдеудің ең тың да тиімді тәсілін ақтаулықтар ойлап тауыпты. Ауа баптағыштан (кондиционер) тамған тамшы сыртылдап әркімнің мазасын алмайды, тамған жерін шалшық етіп бүлдірмейді әрі «жасыл жолдастарымызды» (ағаштар мен шөптер) шөлдетпейді. Тоқ етерін айтқанда, салқындатқыштан тамған тамшы өсімдіктерді суарады.
Жақсылық жасау жолы түк қиын емес. Ол үшін бізге керек нәрселер: бос құты (баклашка), кесу құралы. Құтының қақпағы болса ашып, кез келген кесу құралымен түбіне ойық жасаймыз. Асты ойылған құтыларды суретте көрсетілгендей бір-біріне кигізіп, салқындатқыштың сырттағы бөлігіне жалғаймыз. Табиғатқа пайда тигізу үшін ақшаң көп болуы да, күшің мол болуы да керек емес екен.
Тамшыдан көл құралады, ұсақ-түйектен сауап жиналады. Жақсыға жақын, қайырымдылыққа құштар болайық!