- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- АҚШ-тың тас жолы...
АҚШ-тың тас жолы неге 30 жылға шыдас береді?
АҚШ-тың автокөлік жолдарын көптеген фильмдерден-ақ керемет екенін бәріміз де білеміз. Неге олардың жолы бірде бір жөндеусіз 30 жылдық кепілмен жасалады да, ал біздің жолымыз сапасыз келеді?
Техаста соғылып жатқан тас жол туралы виртуалды саяхатқа шақырамыз.
Жол қала пейзажының ажырамас бөлігі. Біреулер үшін жол демалыс болса, ал тағы біреулер үшін сынақ. Бұлай дейтініміз – әрі тар, әрі шұңқыры көп жолдар біздің елде таңсық емес.
Тарихта жолды бетоннан құю 1934 жылы АҚШ-тың Индиана штатында бастау алған. Кейін 1940 жылы Иллинойста салына бастады. Ал Техаста бетон шоссе 1951 жылдан бастап қана қанат жайды. Техастың транспорт департаменті жолды бетоннан құю әдісінің пайдалы екенін дер кезінде байқап, штат көлемінде жұмыс жасай бастаған. Қазіргі таңда АҚШ бойынша аталған штат 20 117 шақырым қашықтыққа созылатын бетон жолдарымен бірінші орында келеді екен.
Аса ауыр жүк көліктер АҚШ жолдарын қалай бүлдірмейді? Себебі жол бетоннан соғылады. Бетонның артықшылығы – ауыр салмақты көліктерге төтеп бере алады, көп уақытқа сақталады. Ал кемшілігі – оны құю мен жөндеу жұмыстарын жүргізу қиындық тудырады екен. Асфальтқұюшы апараттың жұмысынан кейін қолданысқа беруге сегіз ғана сағат жететін болса, бетоннан құйылған жол тек бір айдан кейін ғана пайдалануға беріледі екен. Бірақ аса ұзақ мерзімдегі жұмыс өз нәтижесін береді.
Тағы бір себеп – жолдың соғылуы алдында жол салынатын жердің жергілікті тұрғындарымен арнайы кездесу жасалып, ұсыныстар мен жаңа ой-идеялар тыңдалады. Халық интернет бетінде де жолдың жобасын көріп, өз пікірін айта алады. Пайдалы кеңесті халықтың өзінен сұрап алған соң жол жөндеу компаниясы іске кіріседі.
Өкілетті департамент жолдың сапасын ретке келтіріп алған соң – көлік кептелісі болмау үшін барлық жағдайды жасайды. Жол мүмкіндігінше кең болған соң ғана заңды түрде қолданысқа жіберіледі екен.
Бірінші кезекте жол салынатын жерді бір метр көлемінде қазып, асты-үстін тегістейді. Ал егер бұған дейін асфальт жол болған болса – оны түгелімен тазалайды. Кейін жолдың уақыт өткен соң қисайып кетпесі үшін қиыршық құм, саз араластырылып төселеді. Әрбір қабат тығыздалады, себебі тығыздалмаған жол екі жаққа жайылып кетуі мүмкін.
Ескерте кететін бір жайт, әрбір төселген қабат үстіне су шашылады. Су шашылған соң онда кальций хлориді құйылады. Не үшін? Себебі әрбір қабаттың құрамында су бар. Уақыт өте келе су құрғаған кезде құйылған су оның орнын толықтырып отырады. Сонда жол көп жылдар бойы тегіс болмақ. Ал кальций хлориді судың құрғап, ауаға ұшып кетпеуін қадағалайды.
Қабаттар төселген соң бетоннан бұрын екі қабат асфальт төселеді. Әрбір қабаттың жалпақтығы 5-7 сантиметр.
Бетон астына неліктен асфальт құйылды? Бұған бірнеше себеп бар.
Біріншісі – бетон тез сынғыш келеді, жердің нығыздалып, отыруы кезінде ол сынып, жарғақтар пайда болуы мүмкін, ал бетонды қайта жөндеу қиынның қиыны.
Екінші себеп – әбден тығыз болған асфальт өз салмағы арқасында оның астына құйылған бірнеше қабат топырақ пен сазды барынша отырғызады.
Үшінші себеп – асфальт әр қабатқа құйылған суды бетонға тигізбеу үшін қажет. Бетондарды жалғау барысында болатын жарғақтарды жалғастыру үшін асфальт ең бір таптырмас затқа айналып отыр.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: livejournal.com
А. Құлтай